
Алдымен сахнада жан біткендей қуыршақ пайда болды. Одан кейін сусып аққан құм адам ғұмырының уақытын баяу санай бастады. Ал финалда домбыра мен қобыздың үні, даланың көне ырғақтары естілді.
Фестиваль аясындағы бірнеше кеште «Астана Опера» Сочи көрерменіне бір-біріне мүлде ұқсамайтын үш әлемді таныстырды. «Коппелияда» театр француз хореографиясының тілімен сөйлесе, гала-балетте академиялық классика мен заманауи пластиканы тоғыстырды. Ал Nomad Ballet бағдарламасында ұлттық рухани мұра мен тарихи санаға ден қойды.
«Сириус – Роза Хутор» халықаралық өнер фестиваліндегі гастрольдің басты ерекшелігі де осы көркемдік бағыттардың алмасуынан көрінді. Қазақстандық труппа өзін бір ғана қойылыммен немесе қалыптасқан бір мәнермен таныстыруға ұмтылған жоқ. Керісінше, көрерменге өзінің шығармашылық болмысының сан қырын біртіндеп ашып көрсетті.

Адамға айнала жаздаған қуыршақ
Сочи көрерменінің «Астана Опера» әртістерімен алғашқы жүздесуі Ролан Петидің хореографиясындағы Лео Делибтің «Коппелия» балетінен басталды.
Бұл туындының болмысы жеңіл, әуезі нәзік. Онда қызғаныш та, алдау да, механикалық қуыршаққа жан бітіруді армандаған қарт шебердің тосын қиялы да бар. Алайда осының бәрі мұңды хикаяға емес, әсем театрлық ойынға ұласады.
Дирижер Руслан Баймурзин жетекшілік еткен оркестр алғашқы минуттардан-ақ қойылымның қажетті ырғағы мен көңіл күйін дәл тапты. Музыка кейіпкерлермен бірге жымиып, олардың қулықтарына үн қосқандай әсер қалдырды. Бірде оқиғаны шапшаңдатып, енді бір сәтте нәзік пантомиманың ашылуына мүмкіндік берді.
Ролан Петидің қойылымында би мен актерлік шеберлік үнемі қатар өрбиді. Мұнда вариацияны орындап шығу немесе күрделі қимылдар тізбегін мінсіз көрсету жеткіліксіз. Кейіпкерлер қимыл арқылы тілдесіп, дауласып, бірін-бірі алдап, таңданып, күле білуі керек.
Айгерім Бекетаева мен Шұғыла Әдепхан Сванильданың бір-біріне ұқсамайтын екі бейнесін ұсынды. Бекетаеваның кейіпкері қызуқанды, қайсар әрі ширақ болса, Әдепхан оның болмысына нәзік ирония қосты. Оның Сванильдасы бұл ойынның тәртібін өзгелерден бұрын түсініп қойғандай көрінді.
Франц бейнесі де екі түрлі қырынан ашылды. Арман Уразов оны албырт әрі тентек кейіпте көрсетсе, Еркін Рахматуллаев лирикалық әрі ойлы мінезбен бейнеледі.
Ал қойылымдағы ең күрделі әрі қарама-қайшылықты кейіпкер Коппелиус болды. Олжас Тарланов пен Рүстем Сейітбеков өнертапқышты қарапайым күлкілі қарттың деңгейінде қалдырған жоқ. Оның оғаш қылықтарының ар жағынан жалғыздық пен мүмкін емес нәрсеге баладай сенетін аңғал үміт сезіліп тұрды. Сондықтан хикаяның финалы көрерменге күлкімен қатар аяныш та ұялатты.
«Сириус» федералды аумағындағы Балалар өнер мектебі хореография бөлімінің жетекшісі Марина Подкорытова қойылымның көрерменді алғашқы аккордтардан-ақ баурап алғанын айтты.
– Музыка, костюмдер, сценография мен жарық бізді Гофман дәуіріне алып барды. Комедиялық сипатына қарамастан, қойылым готикалық тереңдігін сақтап қалды. Сонымен бірге оны балалар да, ересектер де жеңіл қабылдады. Пантомима кейіпкерлердің болмысын тереңірек ашуға мүмкіндік берсе, әртістер Ролан Петидің хореографиясын тамаша жеткізді, – деді ол.
Бұл «Коппелияда» бір-біріне кереғар көрінетін екі әсер шебер тоғысты. Қойылым соңына дейін жеңіл әрі тапқыр қалпынан айнымады. Алайда күлкінің ар жағынан мінсіз қуыршақ жасап, өнер тірі сезімнің орнын баса алады деп бір сәтке сенген адамның мұңды тағдыры аңғарылып тұрды. 
Виртуоздықтан уақыт туралы толғанысқа дейін
«Коппелиядағы» театрлық ойыннан кейін гастрольдік бағдарламаның ырғағы күрт өзгерді. Гала-балет көпшілікке жақсы таныс классикадан сюжет пен кейіпкерден гөрі адамның ішкі күйіне мән беретін заманауи хореографияға қарай өрбіді.
Бірінші бөлім әйгілі балет бейнелерінің өзіндік галереясына айналды.
Айгерім Бекетаева, Еркін Базарбаев пен Диас Құрманғазы орындаған «Корсар» балетіндегі трио жігерге, күрделі демеу қимылдары мен шапшаң айналымдарға толы болды. Мұнда би, ең алдымен, орындаушылық шеберлік пен тән еркіндігінің салтанаты ретінде көрінді.
Ал «Спартактан» адажиода Шұғыла Әдепхан мен Серік Нақыспеков жарқыраған виртуоздықты ішкі ширығуға алмастырды. Арам Хачатурянның музыкасы кең тынысты драмалық арнаға ұласып, әртістердің қимылы махаббат хикаясын бұлтартпас қасіреттің жақындағанын сездіретін толғанысқа айналдырды.
Классикалық бөлімде Ринат Гайсиннің «Дала үні» туындысы айрықша орын алды. Айгерім Бекетаева мен Жақсылық Сауқымбеков ұлттық сарындарды сахнада тікелей бейнелеуге ұмтылған жоқ. Ол олардың биінде ишараның кеңдігінен, ішкі жинақылықтан және кеңістікті сезінуден байқалды.
Көптеген көрермен үшін бұл нөмір академиялық мектептен қол үзбей, өзіндік пластикалық тілін іздеген заманауи қазақстандық хореографиямен алғашқы таныстық болды.
Мәдениет туралы «Ревизор.ru» интернет-порталының бас редакторы Денис Кирис «Дала үнін» бағдарламадан ерекше есте қалған туындылардың бірі деп атады.
– Бұл нөмірден жарқын эмоциялық мәдениет пен ұлттық нақыш сезіледі. Ол әртістердің болмысына жақын болғандықтан, айрықша тереңдікпен орындалды. Әр халықтың өз көркем тілі бар, алайда өз тамырыңмен байланыс әрдайым өзгеше сезіледі, – деді ол.
Екінші бөлімде гала-концерттің үйреншікті әлемі мүлде өзгерді. Сахна төрінде алып құмсағат пайда болып, қойылымның басты кейіпкеріне уақыттың өзі айналды.
Раймондо Ребектің «How Long Is Now?» балеті оқиғаны бірізді желі бойынша баяндаған жоқ. Қойылым уақыт адам тілегіне мойынсұнбай, өз ағысымен өтіп жатқанда адамның қалай өзгеретінін сырттай бақылауға шақырды.
Арман Уразов Уақыт партиясын әсіре драмасыз орындады. Оның кейіпкері қатыгез де, мейірімді де емес еді. Ол адамның өзін тоқтатуға деген талпынысын елеместен, қозғалысын үздіксіз жалғастыра берді.
Назира Заетова мен Досхан Зәйдін бейнелеген бозбалалық шақ салдарын ойлап үлгерместен, сахнаға екпіндей енді. Айгерім Бекетаева мен Олжас Тарлановтың жастық шағы алда әлі шексіз мүмкіндік бардай серпін мен сенімге толы болды. Ал Аделина Төлепова мен Жақсылық Сауқымбеков сомдаған кемел шақ қойылымға байсалды, дәл әрі мағыналы қимылдың өзгеше сипатын әкелді.
Көрерменнің көз алдында адам ғұмырының тұтас бір жолы өтіп жатқанда, құм тоқтаусыз суси берді.

Сахнаға дала келген сәт
Ролан Пети, Мариус Петипа, Юрий Григоровичтің мұрасы мен заманауи еуропалық хореографиядан кейін театр гастрольдің басты көркемдік тұжырымына – Nomad Ballet бағдарламасына көшті.
«Роза Холлда» өткен қорытынды кешті қарапайым гала-концерт ретінде қабылдау қиын еді. HasSak этно-фольклорлық тобының музыканттары балет әртістерімен қатар сахнада өнер көрсетті. Жанды музыка биді жай ғана сүйемелдемей, оның ажырамас бөлігіне айналды.
Домбыра, қобыз және ұрмалы аспаптар тек ырғақ белгілеп қойған жоқ. Олардың үні кейіпкерлер, тарихи бейнелер мен өткеннің елестері туындайтын тұтас кеңістік қалыптастырғандай әсер қалдырды.
Қоюшы хореограф Сұлтанбек Ғұмар бағдарламаны әрқайсысы дербес мазмұнға ие бірнеше новелла түрінде құрды. Оларды тарихи сана, туған жер мен ұлттық болмыс тақырыптары біріктірді.
«Той бастар» кешті кең тынысты, мерекелік көңіл күймен ашты. Әртістер көрермендерді қазақ мәдениетінің әлеміне сырттай бақылаушы ретінде емес, ортақ әрекеттің қатысушысы болып енуге шақырғандай еді.
Алайда мерекелік серпін көп ұзамай алаң көңілге ұласты.
«Аралым» нөмірінде Арал теңізінің тағдыры сахнада тікелей бейнеленген жоқ. Оның қасіреті дене пластикасы, үнсіз үзілістер мен HasSak музыкасының мазасыз диссонанстары арқылы жеткізілді. Би тартылып бара жатқан судың артында қалған қу медиенді жоқтаған үнсіз зарға айналды.
София Әділханова мен Ислам Қайыпбайдың «Мәңгіліктің төрт сыры» балетінен орындаған дуэті жақындық пен бұлтартпас қоштасудың арасындағы нәзік тепе-теңдікке құрылды.
«Қилы заман» мүлде басқа сарынмен өрілді. Досхан Зәйдіннің жеке орындауында тарих оқиғалардың бірізді тізбегі болудан қалып, алапат қасіретті тәнмен сезінуге айналды. Өткір әрі бұрышты қимылдар тарихи аласапыранның ортасында қалған адамның абдырауын жеткізді.
Кештің ең әсерлі көріністерінің бірі – Ақтоты Райымқұлованың музыкасына қойылған «Мәңгүрт» нөмірі болды. Әдемі Жанабіл мен Жансерік Ахметов адамның өткенінен, тегінен және өз болмысынан ажырау тақырыбын күрделі декорациясыз, тікелей түсіндірусіз ашты. Олардың қимылдары дәл әрі графикалық тұрғыдан айқын еді. Әрбір ишара біртіндеп өшіп бара жатқан есімді, туыстық байланысты, өткенді, ақырында адамның өзін сақтап қалуға жасалған талпыныстай көрінді.
Осы драмалық шарықтау шегінен кейін финалдағы «RUH» жай ғана әсерлі қорытынды ретінде қабылданған жоқ. Айдан Қалжан, балет әртістері мен HasSak музыканттары қимыл мен дыбысты тоқтатуға келмейтін қуаттың біртұтас бейнесіне айналдырды.
Бұл бағдарламада дала сахнаның көркем безендірілген фоны болып қалған жоқ. Ол өткеннің ізін сақтаған, қасіретті бірге өткерген және бүгінгі адаммен тілдесуін жалғастырған дербес кейіпкерге айналды.
«Музыканттар мен әртістер бір ырғақта өнер көрсетті»
Санкт-Петербургтен келген жас музыкатанушы Галина Кирмель кештің басты жаңалығы ретінде классикалық мектептің contemporary бағытымен және дәстүрлі музыкамен тоғысуын атады.
– Канондық классикалық формалардың XXI ғасырдың көркем тілі арқылы қалай жаңаша өрілгенін бақылау айрықша қызық болды. Балет пен халық аспаптары ансамблінің арасындағы диалог ерекше әсер қалдырды. Музыканттар мен әртістер бір ырғақта өнер көрсетіп, ортақ ғұрыпты еске салатын тұтас әрекет тудырды. Олардың орындауында дәстүрлі музыка жаңа тыныс алды, – деді ол.
Оның әріптесі Варвара Разумова қазақстандық труппаның жастығы мен ішкі қуатына назар аударды.
– Әртістер қимыл арқылы тарих пен ұлттық мінезді жеткізе біледі. Ұжымның болмысы заманауи қойылымдарда ерекше жарқын ашылады. Хореография ұлттық музыкамен табиғи үйлесім табады, ал ансамбльдің тікелей сахнада орналасуы көрермен бір мезетте әрі көріп, әрі еститін біртұтас көркем кеңістік қалыптастырады, – деді ол.

Өзіндік үн
Фестиваль труппаның әмбебаптығы классика мен заманауи хореографияны бірдей жоғары деңгейде орындау қабілетімен ғана шектелмейтінін көрсетті.
Одан да маңыздысы – әртістер бір стильден екіншісіне ауысқан кезде өзіндік болмысын жоғалтпайды.
«Коппелияда» олар Ролан Петидің әсем әрі иронияға құрылған театрлық әлемінің заңдылықтарын дәл қабылдады. Гала-балетте академиялық шеберлігі мен философиялық мазмұндағы хореографияны игеру қабілетін танытты. Ал Nomad Ballet бағдарламасында ұлттық музыкадан, тарихи санадан және дәстүрге бүгінгі көзқарастан туындайтын өзіндік әрі бірден танылатын үнін айқындады.
Бірнеше кештің ішінде «Астана Опера» «Коппелиядағы» механикалық қуыршақтан Ұлы даланың тірі стихиясына дейінгі көркем жолды жүріп өтті. Сөйтіп, классикалық мектеп жай ғана мұра болып қалмай, өзіндік көркем тіл қалыптастырудың берік негізіне айналған тұста өнердің жаңа мүмкіндіктері ашылатыны айқын аңғарылды.