Жас қазақстандық хореографтың туындысы Санкт-Петербургте жұртшылықты бағындырды

Жас қазақстандық хореографтың туындысы Санкт-Петербургте жұртшылықты бағындырды

Оның Ақтоты Райымқұлованың музыкасына жазылған «Мәңгүрт» атты авторлық миниатюрасын балет сыншылары жоғары бағалады, ал көрермендер қазақстандық әртістердің сахнада барлығынан асып түскенін айтып, шаттанды. Аты аңызға айналған хореограф және фестивальді ұйымдастырушы Борис Эйфман да өз мойындауын білдірді.

«Мәңгүрт» нөмірін «Астана Опера» әртістері Ғалымжан Нұрмұхамет пен Камила Орманова орындады, ал Сұлтанбек өзі этно-фольклорлық «Тұран» ансамблінің музыкасына жазылған «Қилы заман» нөмірімен сахнаға шықты.

«Бұл менің хореограф ретінде мұндай фестивальге қатысудағы алғашқы тәжірибем. Ұйымдастырушылар мен көрермендер бізді өте жылы қабылдады. Біз Мәскеу мен Санкт-Петербургтен келген балет сыншылары Ольга Розанова мен Павел Ященковтан мақтау алдық. Олар «Астана Опера» әртістері ұсынған «Мәңгүрт» және «Қилы заман» нөмірлерінің өзіндік ерекшелігін атап өтті. Шыңғыс Айтматовтың мәңгүрт бейнесі бейнеленген «Найман ана» әңгімесімен бұрыннан таныс олар хореографтың мұндай күрделі тақырыпты қалай жеткізе алғанына таң қалды. Балеттанушылар 2 жыл бұрын Кремль сахнасында Б.Асафьевтің «Бахчисарай фонтаны» спектаклімен біздің труппаның зор жетістігін еске түсірді. Бұл жолы да олар Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен біздің труппаның жоғары деңгейін атап өтті», – деп бөлісті Сұлтанбек Ғұмар.



Балет сыншылары қазақстандық әртістердің өнер көрсетуін жиі көруге үміттенеді, өйткені олар Сұлтанбек Ғұмардың болашақта хореограф ретінде көптеген маңызды қойылымдар жасайтынына сенімді. Борис Эйфманның би академиясы да жас хореографқа ынтымақтастық ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, «Жас хореограф» фестивалінің финалында қазақстандық әртістермен бірге Ресей, Беларусь және Қытайдан келген хореографтар мен бишілер өз шеберліктерін көрсетті.

«Мен әріптестеріме – «Астана Опера» солистері Ғалымжан Нұрмұхамет пен Камила Ормановаға «Мәңгүрт» нөмірін керемет орындағаны үшін алғыс айтқым келеді. Мен Ч.Айтматовтың шығармаларынан алынған мәңгүрт және М.Әуезовтің «Қилы заман» тақырыбын осындай халықаралық деңгейде көрсетуді армандадым. Біз фестивальден үлкен шабыт алдық. Сонымен қатар, театрлық жарықтандыру мәселелері бойынша жаңа білім мен тәжірибеге ие болу өте пайдалы болды. Борис Эйфманның би академиясында жарық суретшілерін дайындайтын арнайы факультет бар екен. Бұл хореографтар үшін өте маңызды, өйткені жарықтың көмегімен кейіпкерлердің барлық идеялары мен мінездерін жеткізуге болады. Біздің елде де мұндай мамандарды кәсіби деңгейде дайындайтын факультет ашылса екен», – деп түйіндеді Сұлтанбек Ғұмар.

Айта кетейік, осы жылдың желтоқсан айында Сұлтанбек Ғұмар Nomad Ballet гала-бағдарламасының премьерасы аясында «Астана Опера» сахнасында ұсынылатын «Аралым» және «Әлем» атты жаңа авторлық нөмірлерімен қуантады.

287
04.11.2024