
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдинаның шығармашылық жолының 25 жылдығына арналған «Қызымын елдің, бақытымды тапқан өнерден» атты мерейтойлық концерті өтті.
Кеш барысында әншінің репертуарындағы таңдаулы туындылар, халық әндері мен көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармалар орындалды. Мерейтойлық концертке «Ұлытау» этно-рок тобы, оркестр, балалар хоры, жас домбырашылар, жетігеншілер, балет әртістері мен шығармашылық ұжымдар қатысты.
Сахна төрінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің құттықтау хаттары оқылды.
Кештің шырайын отбасы мүшелерімен бірге орындалған шығармашылық нөмірлер аша түсті. Әнші қызы және жұбайы Қыдырәлі Болмановпен бірге сахнада өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Мерейтойлық кештің соңында Қарақат Әбілдинаға отандық музыка өнерін дамытудағы еңбегі мен ұлттық мәдени мұраны насихаттаудағы қызметінің құрметіне «Ықылас гүлі» табысталды.