
Madeni Qazyna Qory ұжымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықтың рухани мұрасына айналған қазақтың дәстүрлі би өнерін зерттеп, құжаттауға бағытталған Altyn Mura жобасының басталғанын жариялайды.
Жоба аясында дәстүрлі би қимылдарын цифрлық форматта сақтау үшін Motion Capture технологиясы мен жасанды интеллект құралдары қолданылады. Altyn Mura жобасы АҚШ Елшілерінің мәдени мұраны сақтау қорының (U.S. Ambassadors Fund for Cultural Preservation) қолдауымен жүзеге асырылады. Оның басталуы АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Дәстүрлі қазақ биі — дене қимылы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткен тарих пен ұлттық дүниетанымның көрінісі. Бұл өнер би шеберлерінің орындаушылық тәжірибесі мен шығармашылық сабақтастығының арқасында бүгінге дейін сақталып келеді.
Кәдімгі бейнекамера бидің сыртқы көрінісін ғана түсірсе, Motion Capture технологиясы оның ырғағын, пластикасын, қимыл құрылымын және орындау мәнерінің ең нәзік ерекшеліктерін цифрлық форматта тіркеуге мүмкіндік береді. Жинақталған деректерді ғылыми тұрғыда зерттеуге, би үлгілерін қайта жаңғыртуға және келер ұрпаққа жеткізуге болады.
Жобаны жүзеге асырушы мамандар бір жыл бойы ғалымдармен және хореографтармен бірлесіп, Қазақстанның өңірлері мен шекаралас аймақтарды аралайды. Экспедиция барысында дәстүрлі би өнерін сақтап, дамытып жүрген өнер иелері анықталып, олардың би қимылдары цифрлық форматта тіркеледі. Сонымен қатар орындаушылардың өмір жолы, шығармашылық тәжірибесі мен өнердегі сабақтастығы туралы мәліметтер жинақталады.
Жасанды интеллект көмегімен өңделген материалдар кейіннен қазақ биіне арналған ашық цифрлық қорға енгізіледі. Сондай-ақ аталған қорды Qazaq Culture ұлттық платформасына интеграциялау жоспарланып отыр.
Жоба қорытындысы бойынша:
- Motion Capture технологиясы арқылы түсірілген материалдар негізінде жасалған цифрлық қор;
- дәстүрлі би өнері және оны бүгінге дейін сақтап келген тұлғалар туралы деректі фильм;
- қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі электрондық оқу құралы;
- хореографтарға арналған шеберлік сабақтары;
- көрме инсталляциялары ұсынылады.
Altyn Mura жобасы қазақтың дәстүрлі би өнерін заманауи технологиялар арқылы сақтауға, ғылыми айналымға енгізуге және оны халықаралық аудиторияға кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.