
Креативті индустрияларды дамыту қоры жүзеге асырып жатқан «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы аясындағы іріктеу кезеңі аяқталып, қорытынды нәтижелері жарияланды.
Жоба дәстүрлі қолөнерді сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу және ұмыт бола бастаған қолөнер түрлерін жаңғыртуға бағытталған. Биыл байқауға еліміздің барлық өңірінен 271 шебер өтінім берді. Конкурстық комиссияның шешімімен үздік 10 шебер жеңімпаз атанып, жобаның келесі кезеңіне жолдама алды.
Алдағы уақытта жеңімпаздар Астана қаласындағы Qazaq Creative хабында өтетін оқу бағдарламасына қатысады. Олар қазақ халқының сирек кездесетін қолөнер түрлерін қайта жаңғыртуға бағытталған шеберлік сабақтарын өткізіп, өздерінің көпжылдық тәжірибесі мен практикалық дағдыларын жас буынға үйретеді.
Жоба аясындағы сабақтарға 8-20 жас аралығындағы балалар мен жастар қатыса алады. Бағдарлама ұлттық қолөнерге қызығушылық танытатын өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға, дәстүрлі шеберлік мектептерін насихаттауға және мәдени мұраны сабақтастық арқылы сақтауға мүмкіндік береді.
Оқу сабақтары Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында орналасқан «QazaqCreative» хабында өтеді.