Қарағандыдағы Қанатбаевтар отбасы — жай ғана қолөнерші емес, қазақтың рухани мұрасын сақтап келе жатқан шынайы шеберлер. Ғабит Құлмұратұлы Қанатбаев пен жары Бақира Бердіқабылқызы Сейітназарова жиырма жылға жуық уақыттан бері бір шаңырақ астында киіз үй жасаумен айналысып келеді. Олар ашқан шағын шеберхана бүгінде бір әулеттің өмір салтына айналған: балалары алғашқы шәкірттері болып, ата кәсіптің ізін жалғап келеді. Қазір бұл жанұя жасаған киіз үйлер Италия, Румыния, Қытай, Хорватия, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдерде, тіпті Астанадағы АҚШ елшілігінде де бар.
Біз Қанатбаевтармен қазақ киіз үйінің мәні, дәстүрдің бүгінгі қоғамдағы орны және шеберлік өнерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолы жайында әңгімелестік.
— Киіз үйді өз кәсібіңіздің өзегіне айналдыруыңызға не түрткі болды?
Ғабит Қанатбаев: Киіз үй — қазақ тіршілігінің айнасы. Оның бойында көшпенді тарих та, отбасылық құндылықтар да, табиғатпен үндестік пен шеберлік те бар. Киіз үй — жай ғана баспана емес, ол — тұтас ұлттың болмысын танытатын бейне. Шаңырақ — көктің, әулеттің белгісі, ол біздің елтаңбамызда да бейнеленген. Үй ішіндегі кеңістік те бекер бөлінбеген — ер мен әйелге, үлкендер мен қонақтарға арналған өз орындары бар. Бұл — тұрмыс қана емес, өмірге деген көзқарас.
Бақира Сейітназарова: Біз әрдайым: «Киіз үй — біздің үйіміз, жанымыз», дейміз. Ол табиғи материалдардан жасалып, қолмен, сүйіспеншілікпен және ерекше мәнмен жасалады. Бүгінгі таңда, технологиялар барлық жерде болса да, бізге әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Өйткені ол — жүрекке жол табатын символ.
— Отбасылық шеберхана қалай жұмыс істейді?
Ғабит Қанатбаев: Әркімнің өз міндеті бар. Мен — ағаш шеберімін. Кереге, уық, шаңырақ — соның бәрін өз қолыммен жасаймын. Бұл жеңіл жұмыс емес — талды булап иіп, жонып, тегістеп, біріктіреміз. Бірде-бір шеге қолданбаймыз, барлығы жіппен, тарамыспен байланады — ата-бабалар жолымен.
Бақира Сейітназарова: Мен ішкі көркемдікке жауаптымын — киіз басу, кесте тігу, ою салу, ішкі жабдықтау. Мысалы, сырмақ, текемет, бау, тұскиіз — бәрі өз қолымыздан өтеді. Әр оюдың түсі мен мәні маңызды, солардың барлығын сақтаймыз.
Ғабит Қанатбаев: Балаларымыз кішкентай кезінен бастап қасымызда жүріп үйренді. Қазір өздері де тапсырыс алып, шетелдік көрмелер мен фестивальдерге қатысып жүр. Біз бір отбасы ғана емеспіз — біз шағын мектеппіз.
— Бүгінде қазақ киіз үйлеріне кімдер тапсырыс береді және не үшін?
Бакира Сейтназарова: Тапсырыс берушілер алуан түрлі — жеке адамдар да бар, мемлекеттік ұйымдар, мұражайлар мен ұлттық компаниялар да бар. Біздің киіз үйлер Италияда да, Қытайда да, Хорватияда да бар. Астанадағы АҚШ елшілігінде тұрған бір киіз үйіміз — ресми қонақтарды қабылдайтын орын. Кейбірі Наурызға арнап алдырса, енді бірі этнобұрыш ретінде орнатады.
Ғабит Қанатбаев: Шетелде жүрген жас қазақтар өз үйлерінде туған елдің белгісі болуын қалайды. Біз киіз үйді тек уақытша шатыр ретінде емес, күнделікті тұрмысқа лайықтап — жылытылған, берік, ыңғайлы етіп жасап береміз.
— Қазақтың қолөнері несімен ерекшеленеді және сіздер оны қалай сақтап отырсыздар?
Бақира Сейітназарова: Әр ою-өрнек — мән-мағынасы бар таңба. Мысалы, «қошқар мүйіз» — күш пен молшылықты, «өсімдік өрнегі» — тіршілік пен табиғатты, «тұмарша» — тіл-көзден сақтайды. Біз бұл символдардың мәнін жастарға түсіндіреміз. Олар жай ғана көшіріп қана қоймай, нені жасап жатқандарын түсінуі керек.
Ғабит Қанатбаев: Материал таңдауда да ымыраға келмейміз. Тек тал, тек қойдың жүні, тек қолдан жасалған бұйым. Біздің міндет — өнерді тірі күйінде сақтау. Қазір қолөнерге деген қызығушылық артып келе жатқаны — жақсы нышан.
- Бүгінгі таңда жастардың қолөнерге деген қызығушылығын қалай бағалайсыз?
Ғабит Қанатбаев: Қалаларда қызығушылық артып келеді. Жастар түп-тамырына ұмтылады, мәдениетті түсінгісі келеді. Көптеген адамдар шеберлік сабақтарына келеді, TikTok-та процесті көрсететін бейнелерді қарайды және шабыттанады.
Бақира Сейітназарова: Біз өзіміз де түрлі фестивальдерге қатысып, жастарға шеберлік сабақтарын өткіземіз. Жас буын киіз бен ағашқа, ою-өрнекке қызығып жатыр. Бірақ ауылда жағдай қиынырақ — жастар қалаға кетіп, бұл өнерді үйрететін адам аз. Сол себепті қолөнерді тек естелік емес, креативті индустрияның бір саласы ретінде дамытқан жөн. Бұл — өткеннің емес, болашақтың байлығы.
- Бұл жұмыста сіздер үшін ең маңыздысы не?
Бақира Сейітназарова: Бұл — жай табыс көзі емес. Бұл — рухтың тірілуі. Біз адамдарға өз болмысын сезінуге көмектесеміз. Қолөнер арқылы отанға, табиғатқа, отбасыға деген сүйіспеншілікті жеткіземіз.
Ғабит Қанатбаев: Нағыз шебер — тек бұйым жасап қоймайды, өз ізін қалдырады. Білім мен шеберлікті ұрпаққа жеткізеді. Дәстүр өлмесе — халық та жасайды.
Қолмен жасалған дүние бүгінде бұрынғыдан да қымбат. Киіз үй — өткеннің естелігі емес, келешекке бастар көпір. Ол буынды байланыстырады, түп-тамыр мен болашаққа бағыт береді. Мұндай мұраны сақтап, әлемге танытып жүрген Қанатбаевтар сынды шеберлер — ұлттың шын байлығы.