Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоба мәдениеттер мен халықтар арасындағы диалогты дамытуға, сондай-ақ елдің танымалдылығын арттыруға және оның жетістіктерін шетелде танымал етуге бағытталған.
"Қазақстанның ізгі ниет елшілері" халық әртісі Димаш Құдайберген, опера әншісі Мария Мудряк, тележүргізуші және мәдени жобалардың продюсері Майя Бекбаева, археолог және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі Дмитрий Воякин, танымал ғалым-этнограф Әйгерім Мұсағажинова болды.
"Ізгі ниет елшісі мәртебесі – бұл тек мәртебе ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Жоба аясында біз мәдениетімізді, өнерімізді, ғылыми прогресімізді, инновацияларымызды, спорттық жеңістерімізді, креативті шешімдерімізді, туристік әлеуетімізді және қазақ халқының басты құндылығы – бейбітшілік пен келісімді сақтауды таныстыруды жалғастыруға ниеттіміз", − деп атап өтті Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.
Әлемдік опера жұлдызы Мария Мудряк Қазақстанды елден тыс жерлерде дәріптейді және көбінесе шетелдік аудиторияны қазақ шығармаларымен таныстырады. Келесі жылы опера әншісі Францияда, Қытайда, Италияда және Қазақстанда өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
"Жоспарда даму, алға жылжу және Қазақстанды әлемнің үздік театрларының сахналарында лайықты көрсету бар. Маған осындай көрсеткен құрметі үшін елімізге алғысым шексіз. Менің кестем өте тығыз, екі-үш маусымға алдын ала жоспарланған, бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр, бірақ енді жаңа сапада өнер көрсетемін", - деп атап өтті опера әншісі Мария Мудряк.
Жаңа мәртебе ерекше жауапкершілік жүктейді, деп санайды Әйгерім Мұсағажинова да. Ғалым-этнограф қазақ тағамдарын зерттеумен 15 жылға жуық уақыттан бері айналысып келеді. 2018 жылы оның "Қазақ тағамдары. Дәмдері. Дәстүрлері" кітабы жарық көрді. Кітапқа 50 тағам рецепті енгізілген. Әріптестерімен бірге ол Қазақстанды аралап, елдің барлық бұрыштарындағы тағамдарды зерттейді.
"Мен үшін осы жобаның бөлігі болу және халықаралық деңгейде кулинарлық дипломатияны дамыту үлкен мәртебе. Қазақстандық асхана - бұл жай ғана рецепттер мен тағамдар сериясы емес, біздің мәдени кодымыз. Бізде айтатын нәрсе бар. Бүгінде қазақ тағамдарының мың жарымнан астам рецепті қалпына келтірілді. Бұл біз халқымыздың қонақжайлылығын, еліміздің мәдени және генетикалық кодын аша алатын тұтас терең философия", - деп бөлісті этнограф Әйгерім Мұсағажинова.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін скрипкашы-виртуоз Марат Бисенғалиев, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, суретші және ядроға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков, кардиохирург Юрий Пя, тарихи карталарды зерттеуші Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, "Отырар Сазы" мемлекеттік академиялық оркестрінің бас дирижері Динара Тілендиева, эстрада әншісі Мирхидай Мирфарух "Adam" лақап атымен танымал, күштік нөмірлер бойынша әлем рекордының иегері және Гиннес кітабының рекордсмені Сергей Цырульников Ізгі ниет елшісі мәртебесіне ие болды.