
Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында өткен «BaiQymyz-2026» халықаралық қымыз фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған ауқымды іс-шараға 70 мыңнан астам адам қатысып, қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылды. Фестиваль ұлттық сусын – қымызды дәріптеуге, жылқы шаруашылығын дамытуға және дәстүрлі тағам мәдениетін насихаттауға бағытталды.
Биылғы фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан және Моңғолиядан келген 60-қа жуық қымыз өндіруші қатысты. Олар өз өнімдерін ұсынып, қымыздың сапасы, дәмі, дайындалу технологиясы және ұлттық дәстүрге сәйкестігі бойынша бақ сынады. Байқау жеңімпаздарын тағамтанушылар, технологтар, этнографтар және салалық мамандардан құралған қазылар алқасы анықтады.
Фестивальге қатысқан өндірушілердің ешқайсысы құр қол қайтқан жоқ. Әр қатысушы түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Бірі «Халық таңдауы», енді бірі «Ем қымыз» аталымында үздік деп танылса, өзгелері арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, фестивальде «Алтын күбі», «Алтын саба», «Алтын шара», «Күміс тостаған», «Күміс торсық», «Қымыз серті», «Жайлау дәмі», «Дәстүр сақтаушы», «Үздік дизайн» және «Дәм шебері» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.
«BaiQymyz» негізгі байқауының жеңімпаздары:
«Ем қымыз» номинациясы:
«Халық таңдауы» номинациясы:
Фестиваль бағдарламасы қымыз байқауымен ғана шектелген жоқ. Қонақтар этноауылмен танысып, ұлттық спорт түрлерін тамашалады, қолөнершілер жәрмеңкесін аралап, қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татты. Сонымен қатар концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр кеңінен насихатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «BaiQymyz» халықаралық фестивалі Қазақстандағы оқиғалық туризмді дамытуға, қымыз өндірісін қолдауға және ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды мәдени-туристік жобаға айналып келеді. Биылғы фестивальге деген жоғары қызығушылық оның алдағы жылдары да ауқымы кеңейе түсетінін көрсетті.