Германияда бүркітші қыз Айбота туралы фильм шықты

Германияда бүркітші қыз Айбота туралы фильм шықты

«Бүркітшінің үні» фильмінің авторы – журналист, кинорежиссер Carsten Stormer (@carstenstormer). Шетелдік журналистер мен көрермендердің қызығушылығын тудырған «Бүркітшінің үні» (Der Ruf der Adlerjägerin) атты туынды. Фильм Алтай тауларының баурайында бірнеше апта бойы түсірілген. Онда Моңғолиядағы көшпелі отбасы, әкесі мен қызының бүркітті қолға үйреткен тау бөктеріндегі өмірі туралы баяндалады.

Фото: Carsten Stormer

Фильм авторы Айботаны ер адамдарға тән берік мінезімен көрсетуді мақсат еткен.Carsten Stormer сонымен қатар әлемде ұмытыла бастаған құспен аң аулау өнері Моңғолия қазақтары арасында сақталғанын айтады. Расында да, Моңғолияда тұратын қазақ этносы әлі күнге дейін «құсбегілікті» насихаттап келеді.

Құсты жақсы жаттықтырып, оны аңға салу – бұл қасиет тек қазақтардың шеберлігінде ғана сақталған. Әлемде даланың тынысын жақсы білетін және құспен аң аулауды меңгерген екі ұлт бар. Оның бірі – қазақтар, екіншісі – қырғыздар. Сондықтан жыл сайын Баян-Өлгий өлкесінде «Бүркітшілер фестивалі» өтеді. Жастардың ата-баба дәстүрін қастерлейтіндерінің саны жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Олардың арасында қыздар да бар. Сыртқы келбеті нәзік болғанымен, мінезі мен ерік-жігері күшті. Мысалы, Айботаның айтуынша, егер 2019 жылы жас бүркітшілер арасында 2 қыз болса, қазір олардың саны оннан асады. Нақтырақ айтсақ, 13 бүркітші қыз. Айтпақшы, Моңғолиядан шыққан алғашқы танымал бүркітші қыз,Айшолпан Нұрғайып, 13 жасында өз елінен тыс жерлерде танымал болған болатын және 2016 жылы американдық продюсерлермен бірлесіп "Бүркітші" (Eagle Huntress) атты деректі фильмі де түсірілген.

Бүгінде бүркітші қыздардың ең үлкені - 19 жаста, ал ең кішісі 14 жастағы Айбота Көшегенқызы.

Айбота Көшегенқызы бүркіттерді мектепте төртінші сыныпта оқып жүргенде қолға үйрете бастаған. Ол Баян-Өлгий қаласындағы мектептердің бірінде оқығанына қарамастан, демалыс күндері әрқашан Алтайға асығатын. Бүгінде ол әкесінің, отбасының дәстүрін жалғастырып, осылайша ата-баба әдет-ғұрпына адалдық пен құрмет көрсетеді. «Осы уақытқа дейін біздің отбасында 13 бүркіт болды. Жалпы, аңшылар құсбегі») құсты үш жарым жылдан артық ұстамай, табиғатқа жібереді. Менің қазіргі бүркітім үш жаста, оны қолға үйрету үшін екі жыл керек болды», – дейді Айбота. Сөйтсе, қыз бала алғаш рет «Бүркітшілер фестиваліне» қатысқан екен.

Бұл жас бүркітші қыздың жалғыз қуанышты хабары емес. Жақында Айбота Баян-Өлгий қаласында өткен жас оқырмандар байқауында бас жүлдені жеңіп алды, оған 200-ден астам бала қатысты. Сол кезде ұлттық киім киіп, бүркітімен өлең оқыған жасөспірім қыздың бейнежазбасы бір аптаның ішінде желіде 80 мыңнан астам қаралым жинады. Сәтті туынды болып шыққан ерекше көрініспен алты жүзге жуық адам бөлісті.

Айбота – Баян-Өлгийдегі жас өлең оқушылар арасындағы бас жүлде иегері

Айбота қазір Өлгий қаласындағы №1 орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Оның арманы – журналист болу. Өткен жазда мәнерлеп оқу байқауында жүлделі орынға ие болып, Қазақстанға жолдама ұтып алды. Жас бүркітші түрік, ағылшын, моңғол және тува тілдерін еркін меңгерген.

Естеріңізге сала кетейік, еуропалық елдердің қызығушылығын тудырған 30 минуттық «Бүркітшінің үні» фильмі 8 ақпанда прокатқа шықты. Осы жылдың шілде айында қазақстандықтар Айботаның мүмкіндіктері мен оның құспен аң аулау өнерінің құпияларын ашатын фильмнің толық бір сағаттық нұсқасын көре алады.

Айбота және оның інісі Сұлтан. Баян-Өлгий қ. «Қыз қуу» бас жүлдесі. 2024ж.

Көңілді бүркітші қыздың жаңа жетістіктерінің бірі - Айбота биыл Баян-Өлгийде Наурыз мерекесінде өткен дәстүрлі «Қыз Қуу» жарысына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.

Авторы: Серікгүл Сұлтанқажы

628
03.03.2025