
20 наурызда Бухарест қаласындағы «Ион Дачиан» атындағы Ұлттық оперетта және мюзикл театрының сахнасында Наурыз мерекесіне арналған Қазақ ұлттық хореография академиясының «When the Steppe Awakens: Nauryz in Dance» атты гала-концерті өтеді.
Концерттік бағдарлама аясында румын көрермендеріне Қазақстанның болашақ өнерпаздары саналатын жас буынның дарынды өкілдерінің орындауындағы классикалық, ұлттық және заманауи хореографиялық нөмірлер ұсынылады.
Бағдарламаға Василий Медведевтің хореографиясындағы Риккардо Дригоның «Раушан гүлі мен көбелектің романы», Людвиг Минкустың «Пахита», Петр Чайковскийдің «Щелкунчик», Герман Левенскольдтың «Сильфида» балеттерінен үзінділер, сондай-ақ Анвара Садықова мен Алмат Шамшиевтің хореографиясындағы «Ақбаян» және «Жолбарыс жүрек» ұлттық нөмірлері енген. Бұл қойылымдар «Хассак» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің заманауи өңдеудегі халық музыкасының сүйемелдеуімен орындалады.
Сонымен қатар көрермен назарына Булат Аюхановтың хореографиясындағы Ференц Лист музыкасына қойылған қазақстандық классика туындысы «Махаббат елестері» және Като Накаоның хореографиясындағы Иоганн Себастьян Бах музыкасына қойылған «Inside» заманауи нөмірі ұсынылады.
Концерттік бағдарламаның арнайы қонағы халықаралық байқаулардың лауреаты, сопрано Лаура Али болады. Ол классикалық және ұлттық репертуардағы шығармаларды орындайды.