Танымал қазақстандық әнші-сопрано Айгүл Ниязова көрермендер алдында Дж.Верди мен Дж.Пуччини операларындағы кейіпкерлердің образында бірнеше рет көрінген болатын. Осы кеште театрдың концертмейстері Ирина Кургузкинамен бірге керемет Айгүл Ниязова осы опера генийлерінің сирек орындалатын камералық-вокалдық шығармаларымен сахнаға шығады. Концерттің ауқымды бағдарламасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Ирина Долгих (скрипкалар), Олеся Морозова (альт), Курванжан Ахатов (виолончель) құрамындағы ішекті аспаптар квартетінің орындауындағы композиторлардың аспаптық шығармалары да көркейтіп жатыр.
Джузеппе Верди және Джакомо Пуччини – екі ұлы италиялық опера композиторы. Олардың шығармашылығы әртүрлі дәуірлер мен стильдерді ұсынады, бірақ екі шебер де әлемдік опера музыкасы дәстүрлерін дамытуға зор үлес қосты. Олар жасаған опералық шедеврлер бүгінгі күнге дейін бүкіл әлем театрларының сахналарында шырқалып, тыңдармандардың жүрегін жаулап алуда. «Ұлылық пен құштарлық» концерті Верди мен Пуччинидің камералық шығармашылығына арналған. Жобаның идеясы – тыңдарманды екі ұлы классиктің камералық-вокалдық және камералық-аспаптық мұрасымен таныстыру, олардың композиторлық таланты мен музыкалық тілінің көп қырлылығын көрсету.
«Дж.Верди мен Дж.Пуччинидің романстары мен әндері эмоциялық тереңдікке толы және шағын түрге қарамастан, шығармаларда өз операларындағы ариялармен бірдей драмалық мәнерліліктің күшін сезінуге болады. Мысалы, Вердидің «In solitaria stanza» («Жалғыз бөлмеде») романсында «Трубадур» операсынан Леонораның ариясын тануға болады, ал «Sole e amore» («Күн мен махаббат») романсында «Богема» операсынан Мими мен Рудольф дуэтінің тақырыбын анық естиміз. Концертте сондай-ақ ішекті аспаптар квартетіне арналған ең танымал шығармалар: Дж.Пуччинидің «Хризантемалары» (Crisantemi) және Дж.Вердидің ми минорлы ішекті аспаптар квартеті шырқалады. Күйге бай мелодиялық бояулармен сіңірілген бұл шығармалар композиторлардың күрделі және терең полифониялық форманы жасаудағы талантының жарқын көрінісі болып табылады», - деп бөлісті «Астана Опера» жетекші солисі Айгүл Ниязова.