
Қазақтың кәсіби театр және кино өнерінің қалыптасуында Серке Қожамқұлов пен Кәукен Кенжетаевтың орны айрықша. Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде қос тұлғаның мерейтойларына орай «Кино өнерінің саңлақтары» атты көрме ұйымдастырылды. Онда өнер қайраткерлерінің жеке заттары, марапаттары, фотосуреттері мен тарихи құжаттары ұсынылды. Біз осы жәдігерлердің тарихы мен құндылығы туралы ҚР Ұлттық орталық музейінің қор сақтаушы маманы Айшагүл Бексейітовамен әңгімелестік.
Серке (Серәлі) Қожамқұлов – театр және кино өнерінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан көрнекті актер. Оның шығармашылық жолы мен қоғамдық қызметін айғақтайтын көптеген құнды дүние музей қорында сақтаулы. Маманның айтуынша, экспозицияға актердің жеке кешенінен алынған жәдігерлермен қатар, отбасы ұсынған естелік бұйымдар да енгізілген.
– Серке Қожамқұловтың жеке мұрасында оның өнердегі жетістіктері мен қоғамдық еңбегін көрсететін құжаттар мен марапаттардың орны ерекше. Бұл жолы келушілер назарына актердің ордендері, медальдары, фотосуреттері мен түрлі құжаттары ұсынылды. Олардың қатарында «Балға мен орақ» медалі, үш мәрте алған Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қазан төңкерісі ордендері бар. Сонымен қатар Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атануына байланысты материалдар мен 1936 жылы Қазақ КСР-інің халық әртісі атағын алғанын растайтын құжат та маңызды тарихи дерек ретінде ұсынылды, – дейді Айшагүл ханым.
Актердің өмір жолына қатысты кейбір жәдігерлердің өзіндік тарихы бар. Мәселен, 1976 жылғы 22 тамызда Қырғызстанның театр қоғамы Серке Қожамқұловқа мерейтойына орай қомуз сыйлаған. Ал Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың отбасы актерге балдақ тарту еткен. Сондай-ақ «Қазақконцерт» ұжымы оның 70 жасқа толуына орай үстел сағатын сыйға берген.
– Әрбір бұйымның артында белгілі бір кезеңнің, оқиғаның немесе адаммен байланысты естеліктің ізі жатыр. Мысалы, актердің шапанына қатысты қызықты дерек бар. Оның ішкі жағында «Атымды қойған атама Көбейден» деген жазу сақталған. Бұл шапанды белгілі жазушы-драматург Шахмет Хұсайынов пен Қазақ КСР-інің халық әртісі Бикен Римованың ұлы Көбей есейген шағында атасы Серәлі Қожамқұловқа сыйлаған. Мұндай заттар арқылы біз тұлғаның шығармашылық жолынан бөлек, оның отбасылық ортасы мен жақындарымен қарым-қатынасы туралы да мәлімет аламыз, – дейді маман.
Экспозицияға актердің қызы Мәриямнан уақытша пайдалануға алынған 20-ға жуық жеке бұйымы да қойылған. Бұл заттар оның өмірі мен шығармашылық ортасын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Қазақ операсы, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Кәукен Кенжетаевтың музей қорындағы жеке кешені де тарихи маңызы зор жәдігерлерге бай. Өнер иесі көзі тірісінде өз бастамасымен бірқатар бұйымды музейге тапсырған. Олардың арасында сахналық киімі, фотосуреттері, құжаттары мен жеке тұтынған заттары бар.
– Кәукен Кенжетаевтың жеке кешені оның өнердегі жолын, шығармашылық байланыстарын және замандастарымен қарым-қатынасын танытады. Мәселен, 1956 жылы жазушы Сапарғали Бегалин актердің 40 жасқа толуына орай домбыра сыйлаған. Бұл – екі өнер иесінің арасындағы сыйластықты көрсететін құнды естелік. Сондай-ақ 1992 жылғы 25 ақпанда студенттер Кәукен ағаға «Кәукен аға, туған күніңізбен!» деген арнау жазуы бар сүйектен жасалған кәдесый қалам тарту еткен. Мұндай бұйымдардың тарихи мәні олардың жасалу ерекшелігінде ғана емес, кімнен және қандай жағдайда сыйға берілгенінде де жатыр, – дейді Айшагүл Бексейітова.
Маманның айтуынша, актердің жеке заттарының арасында 1966 жылы жасалған, сабы мүйізден дайындалған қалта пышағы да бар. Бұл бұйым да келушілердің назарын аударған жәдігерлердің бірі.
Жалпы, қос өнер иесінің мұрасынан алынған 150-ге жуық жәдігер ұсынылды. Олардың бірқатары бұған дейін көпшілік назарына ұсынылмаған.
– Музейдегі әрбір жәдігер белгілі бір тарихи кезеңнің куәсі. Әсіресе өнер қайраткерлерінің жеке заттары арқылы олардың күнделікті өмірі, шығармашылық ортасы, кәсіби қалыптасуы мен қоғамдағы орны туралы мағлұмат аламыз. Ордендер мен марапаттар атқарған еңбегін айғақтаса, сыйға берілген бұйымдар қарым-қатынастан хабар береді. Сондықтан мұндай заттарды сақтау, зерттеу және көпшілікке таныстырудың маңызы зор, – дейді қор сақтаушы маман.

Серке Қожамқұлов пен Кәукен Кенжетаевтың жеке мұрасы – қазақ театр және кино өнерінің қалыптасу тарихын танытатын рухани қазына. Олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлерді сақтау арқылы музей өткен дәуірдің мәдени тынысын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, ұлттық өнер тарихындағы көрнекті тұлғалардың есімін жаңғыртуға үлес қосып келеді.