Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Қытайдың Шыңжаң-Орталық Азия көркем білім беру зерттеу орталығының толыққанды мүшесі болды. Бұл маңызды оқиға Қытайдың Үрімжі қаласында өткен білім беру, өндіріс және инновацияны интеграциялау мәселелеріне арналған Халықаралық конференция аясында өтті.
Орталыққа мүше болу – консерваторияның халықаралық мәдени білім беру саласындағы серіктестік әлеуетінің өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Бұл ғылыми зерттеулер, білім беру бағдарламалары мен мәдени жобаларды бірлесе жүзеге асыруға жол ашып, оқу ордалары мен шығармашылық қауымдастықтар арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеді.
— Осы күзде Шыңжаң өнер университетімен меморандумға қол қойғанбыз, ал бүгінгі оқиға – сол бастаманың сәтті жалғасы. Зерттеу орталығының құрамына ену біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ: мәдениет сабақтастығы, академиялық серіктестік аясының кеңеюі. Біз білім беру бағдарламаларынан бастап мәдени жобаларға дейінгі бірқатар бірлескен бастамаларды жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар қазақ өнерін әлемдік кеңістікте танытуға өз үлесін қосатынына сенімдімін, – дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Гаухар Тасбергенова.
1944 жылы негізі қаланған Құрманғазы атындағы консерватория — Қазақстандағы жетекші музыкалық жоғары оқу орындарының бірі. Ол Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев сынды көрнекті есімдермен танылған қазақ композиторлық мектебінің дәстүрлерін сақтап келеді.
80 жылдан астам тарихында консерватория еліміздің музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан жоғары білікті мамандарды даярлап келеді. Бүгінде оның түлектері Қазақстанның музыкалық ұжымдарында, концерттік ұйымдарында және білім беру мекемелерінде жемісті еңбек етуде, сондай-ақ АҚШ, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінде отандық өнерді лайықты деңгейде танытып жүр.
2020 жылдан бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Еуропалық консерваториялар қауымдастығының (AEC) толық мүшесі. Бұл оның халықаралық академиялық кеңістіктегі жоғары мәртебесін растайды. Қазіргі таңда оқу орны әлемнің 33 еліндегі 76 музыкалық және мәдени ұйыммен серіктестік байланыс орнатып отыр. Олардың қатарында Италия, Испания, Бельгия, Латвия, Қытай және басқа да елдер бар.