
Қазақстандық киноиндустрия бүгінде түрлі бағытта дамып, көрерменге жаңа форматтағы туындылар ұсына бастады. Осы саланың дамуына үлес қосып жүрген жас мамандар мен шығармашылық ұжымдардың қатары да артып келеді. Солардың бірі әлеуметтік тақырыптарды арқау еткен жобаларымен танылып жүрген INSPIRE CG шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, режиссер Ерлан Ұшақпаев.
Шамамен он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шығармашылық топ алғашқы кезеңде әлеуметтік роликтер, қысқаметражды және деректі фильмдер түсірсе, кейін толықметражды кино өндірісіне бет бұрған. Бүгінде команда қоғамдағы өзекті мәселелерді кино тілі арқылы қозғап, көрерменге ой салатын туындылар ұсынуды мақсат етеді. Олардың қатарында «О, Ләйлә», «Welcome to Zhetysu» көркем фильмдері, «I love Taldykorgan» мюзиклі және мұғалім мамандығының маңызын көрсететін «Ұстаз» фильмі және тағы басқалары бар.
Біз режиссер Ерлан Ұшақпаевпен киноға деген көзқарасы, шығармашылық командасы және алдағы жобалары туралы әңгімелескен едік.
– Әңгімемізді бірден бүгінгі шығармашылық жұмыстарыңыздан бастайықшы. Қазір қандай жобалармен айналысып жатырсыз?
– Соңғы ауқымды жобаларымыз – «Оқылмаған хаттар» және «Атасының баласы» фильмдері. Біріншісі Кеңес кезеңіндегі депортация тақырыбы арқылы халықтар достығы мен адам тағдырын көрсететін драма. Ал «Атасының баласы» пандемия кезіндегі оқиғаға негізделген әлеуметтік драма. Қарттар үйіндегі қариялар уақытша балалар үйіне орналастырылады. Бір-біріне бөтен адамдардың қалай отбасыға айналатыны туралы фильм. Бұл жобалар эмоциялық жағынан да, өндірістік тұрғыдан да өте күрделі болды.
Қазір дайындық кезеңінде тұрған жобалардың қатарында «Ұстаз-2» фильмі бар. Сонымен бірге әзірге атауы құпия сақталып отырған жаңа фильмнің жұмысы жүріп жатыр. Жанры психологиялық драма екенін ғана айта аламын. Бұдан бөлек, әлеуметтік және тарихи бағыттағы бірнеше жоба сценарий кезеңінде тұр.
– Шығармашылық командаңыз туралы айтып берсеңіз. Қанша адамнан тұрады, кімдер бар?
– Командадағы адам саны жобаның ауқымына байланысты өзгеріп отырады. Қазір негізгі құрамымызда алты адам бар. Бізде әр маман бірнеше бағытта қатар жұмыс істейді. Мысалы, мен режиссерлікпен қатар монтажды да өзім жасаймын, кейде камераға да тұрып кетемін. Операторымыз түсіріліммен бірге цветокоррекциямен айналысады. Сценарисіміз продюсерлік міндетті қатар алып жүреді. Дыбыс режиссеріміз саунд-дизайн жасап, композитор ретінде де еңбек етеді. Әкімшілік жұмыстарға жауапты маманымыз костюм дизайнері әрі кастинг директоры қызметін атқарады. Ал қоюшы-суретшіміз оператордың көмекшісі ретінде де жұмыс істейді.

– Киноны көру мен оны түсіру екі бөлек әлем бе, әлде бәрі талғамға келіп тіреле ме?
– Менің ойымша, кино көру мен кино түсіру екі бөлек дүние. Көрермен фильмді эмоция арқылы қабылдайды. Ол үшін кино «ұнады» немесе «ұнамады» деген әсермен бағаланады. Ал режиссер киноға мүлде басқа қырынан қарайды: кадр қалай қойылған, жарық не үшін солай түскен, актердің паузасы неге ұзақ, монтаж неге дәл сол жерде қиылған – бәрін талдайды. Дегенмен, бәрі белгілі бір деңгейде талғамға да байланысты. Бір көрерменге баяу авторлық кино ұнаса, енді біріне динамикалы коммерциялық фильм әсер етуі мүмкін. Сондықтан кинода абсолютті формула жоқ. Бірақ қандай жанр болса да, фильмде шынайылық пен эмоция болмаса, көрермен оны бірден сезеді.
– Кинода не маңызды: мықты сюжет пе, визуал ма, әлде эмоция ма?
– Үшеуі де маңызды. Бірақ ең соңында көрерменнің есінде қалатыны эмоция. Визуал көрерменді кино әлеміне енгізеді. Сюжет оны экран алдында ұстап тұрады. Ал эмоция фильмді ұмыттырмайды.
Кейде өте қарапайым сюжетпен түсірілген фильмнің өзі жүрекке жетуі мүмкін. Ал кейбір визуалы мықты туындылар техникалық жағынан мінсіз болғанымен, ішінде жан жетіспей жатады. Сондықтан мен үшін кинодағы ең басты нәрсе көрерменнің ішкі сезіміне әсер ету. Егер фильм аяқталғаннан кейін адам үнсіз қалып ойланса, демек кино өз мақсатына жетті.
– Қазір көптеген жас режиссер өз стилін іздеп жүр. Ал сіздің стиліңіз қандай?
– Мен барынша эмоция мен атмосфераға негізделген реалистік киноға жақын шығармын. Маған адамның ішкі күйін кадр арқылы жеткізу қызық. Кейде бір үнсіздік немесе бір қарапайым көзқарас ұзақ диалогтан да әсерлі болуы мүмкін.
Мен үшін стиль тек әдемі кадр емес. Стиль – режиссердің адамға, қоғамға және өмірге деген көзқарасы.