Qazaq Creative: Қазақстан бойынша 120 мыңға жуық студент «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысуда

Qazaq Creative: Қазақстан бойынша 120 мыңға жуық студент «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысуда

Креативті индустрияларды дамыту қоры «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын іске асыруға атсалысып, жастардың кітап оқу мәдениетін дамытуға және әдебиетті заманауи шығармашылық жобалар арқылы насихаттауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда.

Еліміздің жоғары оқу орындарында марафон аясындағы жұмыс жүйелі жүргізілуде. Университеттерде студенттер мен оқытушылардың басын қосатын оқырман клубтары құрылып, әдеби кездесулер, көркем туындыларды талқылау жиындары мен зияткерлік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жастар отандық және әлем әдебиетінің шығармаларымен танысып, олардың тарихи мазмұны мен көркемдік ерекшеліктері жөнінде пікір алмасуда.

Университет кітапханаларында ұсынылған әдебиеттерден арнайы кітап бұрыштары жасақталған. Студенттер оқырман клубтарының жұмысына араласып, әдеби кездесулер өткізуге өздері де бастамашы болып жүр.

Бүгінде республика бойынша марафонға 120 мыңға жуық студент қатысуда. Бұл жоғары оқу орындарында кітап оқуға деген қызығушылықтың артып, студенттік оқырман қауымдастықтарының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Қордың әдебиетті насихаттауға арналған негізгі жобаларының бірі - «Автормен кездесу». Qazaq Creative Hub алаңында өтетін жүздесулерде оқырмандар қаламгерлермен пікір алмасып, қазақстандық жазушылардың шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысады.

Атап айтқанда, жоба аясында белгілі жазушы әрі драматург Роза Мұқановамен кездесу ұйымдастырылып, оның «Мәңгілік бала бейне» шығармасы талқыланды. Қатысушылар туындының тарихи негізіне, көркемдік ерекшеліктеріне және автор көтерген мәселелерге тоқталды.

31 қазанда Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» тарихи романына арналған кезекті әдеби кездесу өтеді. Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылатын іс-шараға Бақтыбай Жайлау мен Әнуарбек Бимағамбет қатысып, шығармадағы тарихи оқиғалар, ел тағдыры және ұлттық құндылықтар жөнінде ой бөліседі.

Әдебиетті шығармашылық индустриялармен ұштастыру мақсатында Қор «Кітаптан креативке» бастамасын да қолға алды. Жоба аясында көркем шығармалар негізінде анимациялық бейнероликтер, иллюстрациялар, комикстер мен буктрейлерлер әзірлеу жоспарланған. Бұл жұмыс авторлық құқық талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.

Аталған бастамаға отандық дизайнерлерді, суретшілерді, аниматорлар мен цифрлық контент мамандарын тарту көзделген. Нәтижесінде әдеби туындыларды заманауи форматтарда таныстыруға және шығармашылық кәсіпкерлердің кәсіби әлеуетін пайдалануға мүмкіндік туады.

Алдағы уақытта Qazaq Creative өңірлік креативті орталықтардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, марафон аясындағы жобаларды кеңейтуді жоспарлап отыр. Олардың базасында қаламгерлермен жүздесулер өткізу, білім беру ұйымдарымен бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру және оқырман клубтарының тұрақты қызметіне қолдау көрсету қарастырылған.

Қордың басты мақсаты - марафон барысында қалыптасқан оқырман қауымдастықтарының жұмысын жалғастыруға жағдай жасап, әдебиетті жастардың шығармашылық дамуына ықпал ететін маңызды сала ретінде ілгерілету.

154
30.10.2026