Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында пейзаж живопись көрмесі ашылды

Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында пейзаж живопись көрмесі ашылды

Экспозиция әртүрлі елдердің мәдениеттеріндегі пейзаж жанрының дамуын қадағалауға мүмкіндік береді және оны ұлттық бірегейлік пен эстетикалық идеалдардың көрінісі ретінде көрсетеді.

Пейзаждық кескіндеме – табиғатқа деген сүйіспеншіліктің көрінісі, оның сұлулығын жеткізе білудің шеберлігі, мәдениет пен дәстүрді зерттеуге арналған нәзік құрал. Әрбір картина – бұл әлемге ашылған терезе. Көрермен осы «терезелер» арқылы саяхаттай отырып, әр дәуірдің құндылықтары мен идеалдары, әлеуметтік өмір мен философиялық көзқарастар жайлы айтып тұрған көрнекі тілді таниды.

Алғашқы пейзаждар неолит дәуіріне жатады – ол кезде адамдар аспан мен жерді шартты түрде бейнелеген, бұл Ежелгі Мысыр мен Антика фрескаларынан көрініс табады. Пейзажға деген қызығушылық Қайта өрлеу дәуірінің бастапқы кезеңінде, XV ғасырда дами бастады. Жанр ретінде ол діни және тарихи картиналардағы қосалқы элементтен дербес көркемдік формаға дейін ұзақ жолдан өтті.

Экспозицияда XVII ғасырдағы Альберт Кейптің «Сиырлары бар пейзаж» және авторы белгісіз «Қысқы пейзаж» сияқты туындылар ұсынылған. Бұл картиналарда суретшілер табиғаттың тек танымал белгілерін ғана емес, сонымен қатар оның ауыспалы күйін, кеңістіктің тереңдігін, жарық пен көлеңкенің ойынын жеткізе алған. Голландиялық шеберлер қарапайым ауыл пейзаждарын, жануарларды және жергілікті табиғат элементтерін шынайы бейнелеуге назар аударды. Бұл кескіндеме тарихында жаңа кезең болды.

Германия пейзаж кескіндемесі романтикалық және символдық мағынаға толы тау сілемдері, орманды ландшафттар мен сәулет элементтерін бейнелеген суретші-зерттеушілермен ұсынылған. «Тау пейзажы» (мүмкін Антон Файстенбергердің шығармасы) сияқты белгісіз авторлардың жұмыстары неміс дәстүріндегі табиғатты жеткізу ерекшелігін көрсетеді.

XVIII ғасырдағы Италия Франческо Баттальолидің «Архитектуралық пейзаж» ведутасы арқылы ұсынылған, мұнда суретші қаланың сұлулығын сәулет арқылы жоғары көркем бейнеге айналдырады. Ведута – Венециялық кескіндемеде қалыптасқан пейзаж жанрының бір түрі. XVIII ғасырда кең таралған бұл жанр күнделікті қала көріністері мен әйгілі сәулет ескерткіштерін егжей-тегжейлі бейнелеумен ерекшеленеді.

Экспозициядағы француз мектебі жанрдың даму кезеңдерін көрсетеді. XIX ғасырдағы эстетикалық ізденістерді бейнелейтін туындылар арасында Проспер Марильяның «Ніл жағалауы» картинасы экзотикалық елдерге деген романтикалық көзқарасымен ерекшеленеді. Теодор Гюденнің «Теңіздегі дауыл» туындысы романтизм дәуірінде кең таралған теңіз пейзажының үлгісі. Жан-Батист Камиль Короның «Көл жағасындағы пейзаж» және «Пас-де-Кале аймағындағы дауылды күн» картиналарында табиғат тек бейнелеу нысаны ғана емес, сонымен қатар көңіл-күйдің қайнар көзі ретінде көрінеді. Барбизон мектебінің өкілдері, соның ішінде Коро, қоршаған ортаның нәзік күйлерін – желдің қозғалысын, жарықтың өзгермелілігін, бұлттардың ағымын жеткізуге ұмтылды. Олардың жұмыстары классицизмнің академиялық қаталдығына немесе романтикалық өнердің эмоциялық шиеленісіне қарсы қойылған жұмсақтық пен лирикамен ерекшеленеді.

Экспозицияда орыс пейзаж мектебі ерекше орын алады. Мұнда Иван Айвазовский, Сократ Воробьев, Владимир Орловский, Алексей Боголюбов, Лев Лагорио және басқа да шеберлердің еңбектері ұсынылған. Орыс пейзаждық кескіндемесінің дамуы қоғамдағы көзқарастар мен көңіл-күйлердің өзгерісін көрсетті: классицизмдегі табиғаттың үлгілі әрі үйлесімді бейнесінен бастап, романтизм дәуіріндегі адам сезімдерінің айнасы ретіндегі пейзажға, реализмге келіп тіреледі. Реализм – алдыңғы ағымдардың тәжірибесін өмір шындығын тануға бағыттаған кезең.


378
24.12.2024