Елордада ақын, әнші және композитор Кенен Әзірбаевтің туғанына 140 жыл толуы атап өтілді. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы «Жетісу өңірінің музыкалық мұрасы» концертін ұсынды. Жетісу музыкалық мектебі – халық шығармашылығының шеберлері Қабан жырау, Сүйінбай Аронұлы және Дəурен сал қалыптастырған бірегей дәстүрлі мектептердің бірі. Оның музыкалық-орындаушылық дәстүрлері Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаевтың есімдерімен де тығыз байланысты. Қазақстан мәдениетінде осы мектептің көрнекті өкілі - Нұрғиса Тілендиев те жарқын із қалдырды.
Кенен Әзірбаев Жамбыл Жабаевтың шәкірті және ізбасары болып саналады. Ол музыкаға салынған 150-ге жуық өлең шығармасын жазды. Оның ішінде домбыраның сүйемелдеуімен жазылған қырықтан астам әні белгілі.
Кенен Әзірбаев 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқанымен де танымал. Оның осы кезеңдегі «Бұлбұл» (алғаш рет Дина Нұрпейісова орындаған) әндері, «16 жыл», «Базар Назар», «Әли батыр», «Қырғызбай» поэмалары қозғалысқа қатысушыларды күреске рухтандырып, олардың өз жеріне, өз халқына деген патриоттық мақтаныш сезімін оятты.
Концерттік бағдарламаға Жетісу өңірінің ән мәдениеті мен аспаптық мұрасының үздік үлгілері енді. Көрермен назарына Сәдіқожа Мошанұлы мен Қапез Байғабылұлының бірегей және көпшілікке таныс емес шығармалары ұсынылды.
Музыкалық кешке «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солистері мен шақырылған қонақтар қатысты. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Ерлан Рысқали, Құмарбек Қалқатай, Елмұра Жаңаберген, Раушан Оразбаева, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова, Нұрболат Арзамасұлы, «Мәдениет саласының үздігі» белгісінің иегерлері Қайрат Айтбаев, Перизат Тұрарова, Батырлан Әбенов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Бекарыс Көштаев және Бауыржан Мұхаметбай бар.