
Вьетнамда өтіп жатқан Қазақстанның мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Фам Тхи Тхань Чамен кездесті.
Кездесуде мәдениет, оның ішінде креативті индустриялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Тараптар кино, дизайн, дәстүрлі қолөнер және креативті туризм бағыттарындағы өзара тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Перспективалы бағыттардың бірі – дәстүрлі қолөнерді, гастрономияны, жергілікті салт-дәстүрлер мен шығармашылық бағдарламаларды ұштастыратын креативті туризм. Кино саласында да өзара кино апталықтарын өткізу, фестивальдерге қатысу, түсірілімдер ұйымдастыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін мүмкіндік мол.
Креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту отандық креаторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.