
2-8 мамыр аралығында Almaty Theatre сахнасында «Астана Балет» театрының дәстүрлі жыл сайынғы гастрольдік сапары өтеді. Елордалық ұжым алматылық көрермен назарына соңғы маусымдардағы екі бірдей айтулы қойылымын – екі бөлімді «Қос кілем» балеті мен Carmina Burana балет-кантатасын ұсынады.
Гастрольдік бағдарлама театрдың шығармашылық ізденісін, репертуарын жаңартуға деген ұмтылысын және заманауи сахналық тілді меңгерудегі бағытын айқын аңғартады. Биыл Алматы көрермені осы сахнада бұрын көрсетілмеген спектакльдерді тамашалау мүмкіндігіне ие болады.
Гастроль 2 мамыр күні өткен күзде тұсауы кесілген «Қос кілем» балетімен ашылады. Қойылым әзербайжанның ширван кілемі туралы көне аңызының желісі бойынша сахналанған. Спектакльде кілем өрнектері адам тағдыры мен сезімнің терең метафорасына айналып, ауқымды сахналық көркем полотнода бедер табады. Сюжеттің өзегінде жылдар, сынақтар, соғыс пен айырылысу арқылы өткен махаббат хикаясы жатыр. Жобаның либретто авторы әрі идеялық бастамашысы – Валерий Копейкин, қоюшы-режиссері әрі хореографы – Александр Могилев.
Гастрольдік бағдарламаның түйіні 7 және 8 мамыр күндері өтетін «Carmina Burana» балет-кантасының көрсетілімдері болмақ. 2025 жылдың «Үздік қойылымы» атағына ие болған бұл туынды бір сахнада балет өнерін, хорды, оркестр мен солистерді тоғыстырады. Спектакль махаббат, жасампаз және жойқын күштердің тайталасы секілді мәңгілік тақырыптарды арқау етеді. Қойылымның көркемдік әлемі Карл Орф музыкасының қуатынан және Қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің эстетикасынан нәр алған.
«Carmina Burana» қойылымының хореографтары – Мукарам Абубахриева мен Тимур Загидуллин. Қойылымды бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі оркестр, хор және солисттер музыкамен сүйемелдейді. Сондай-ақ, қойылымға опера солистері Әділ Сұлтан, Талғат Аллабиринов және Фируза Рахметова қатысады.

