
Астанада 10-11 қазан күндері Aqtobe Creative Days өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақтөбе облысының қолөнер, дизайн, театр, музыка, әдебиет және технология салаларындағы жобалары таныстырылады.
Іс-шара республикалық Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылып, өңірдегі шығармашылық бастамалар мен тың жобаларды бір алаңға тоғыстырады.
Бағдарламада Aqtobe Design авторлық топтамаларының көрсетілімі, «Алақай» қуыршақ театрының қойылымы, Ақтөбе туралы анимациялық фильм, композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші, сондай-ақ SherTer және «Жеребе life» жобаларының концерттері қарастырылған.
Екі күн бойы қолөнер бұйымдары, IT жобалары мен кітап өнімдері қойылған көрмелер жұмыс істейді. Келушілер зергерлік өнер, киіз басу, тері өңдеу және дәстүрлі қолөнер түрлері бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Aqtobe Creative Days елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақтөбе облысының шығармашылық әлеуетін, жергілікті шеберлердің туындыларын және креативті индустрия саласындағы жаңа жобаларын кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында орналасқан Qazaq Creative Hub шығармашылық кеңістігінде өтеді.