
Эстония Президенті Алар Каристің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында «Астана Опера» сахнасында терең мазмұнды, камералық және символдық мәнге ие эстон музыкасының кеші өтті.
Концерт Арво Пярттың 90 жылдығы мен Вельо Тормистың 95 жылдығына арналды, шығармашылығы әлемдік музыкалық мұраның бір бөлігіне айналған қос ұлы композиторды еске алу кеші. Бұл мәдени іс-шара екі елдің арасындағы өзіндік рухани көпір болып, жұртшылықты аударманы қажет етпейтін тіл, яғни музыка арқылы біріктірді.
Кештің құрметті қонақтары қатарында Эстония Президенті Алар Карис жұбайымен, эстониялық делегация мүшелері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпус өкілдері мен зиялы қауым өкілдері болды.
Министр Аида Балаева өз сөзінде музыка екі ұлттың өнер тіліндегі диалогын жалғап тұрғанын атап:
«Өнерде шекара жоқ - ол жүректерді жалғайды», - деді.
Ал Эстония Президенті Алар Карис концерттің рухын былай түйіндеді:
«Бүгінгі кеште біз Эстония мен Қазақстан арасындағы достықты музыка арқылы атап өтіп отырмыз… достық әуені тек Астанада ғана емес, одан тыс жерлерде де тарайды», - деді.
Кеш барысында театр кеңістігін Арво Пярт пен Вельо Тормистың тереңдігі мен тазалығы үйлескен туындылары толтырды. Бұл шығармаларда сакралды, фольклор, минимализм мен рухани тереңдік ерекше өрнек табады. Сахнада Vanalinna Hariduskolleegium ішекті оркестрі, дирижёр Расмус Пуур және Еуропаның ең жарқын жас скрипкашыларының бірі Ханс Кристиан Аавик өнер көрсетті. Аавиктің орындауы кештің эмоционалдық шыңына айналды.
Qazaq Culture редакциясы осы рухани кештің негізгі тұлғалары - Ханс Кристиан Аавик пен Расмус Пуурмен сұхбаттасып, олардың ой-пайымдары арқылы тарих, бүгінгі заман және жеке толғаныс тоғысқан ортақ мағыналық өрнек түзілді.
- Ханс, бүгін таныстырылған бағдарлама Сіз үшін нені білдіреді?
- Бұл кеш мен үшін екі мүлдем әртүрлі, бірақ терең байланысқан композиторлардың музыкасы арқылы саяхат іспеттес. Арво Пярт - мен әр түрлі елдерде қайта-қайта орындайтын композитор. Оның Fratres шығармасы ерекше. Мен оны Еуропада, Нью-Йоркте орындадым және әр жолы ол жаңа қырынан ашылады.
Fratres «Бауырлар» шығармасын орындау туралы айтсақ, мен үшін бұл музыка бүгін Астанада жаңғыратып, Эстония мен Қазақстан арасындағы байланысты бейнелейтіндей әсер қалдырады. Біздің мәдениеттеріміз арасында тыныш, бірақ өте күшті туыстық бар сияқты. Мен тыңдаушылар бұл сезімді қабылдайды деп үміттенемін.
Тағы бір Пярт циклін атап өтсем Estländler. Ол қарапайым, тіпті аскетикалық, бірақ осы қарапайымдылықта шынайылық пен эмоцияның үлкен күші бар. Кейде бірнеше дыбыс бүкіл симфониядан да көп нәрсе айтады.
Әрине, Тормис туралы да айту керек. Оның Curse upon Iron шығармасы ритуал, энергия, жердің ежелгі даусы. Бұл музыка тек естілетін ғана емес, оны денемен сезіну керек. Барабан соққылары, дерлік ежелгі дыбыстар тамырларға оралу сияқты.
- Сіз Қазақстанмен жеке байланысыңыз бар екенін айттыңыз. Сол туралы айтып бересіз бе?
- Иә, бұл өте жылы оқиға. Менің досым Руслан Талас Қазақстаннан шыққан скрипкашы. Біз бірге Германияда оқыдық. Ол керемет талантты музыкант және оған Астанадан сәлемімді жеткізгім келеді.
Мұнда өнер көрсету мен үшін құрмет. Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым, және ол маған терең әсер қалдырды. Астана керемет сәулет, кеңістік пен болашақ сезімін үйлестіретін қала. Мен мұнда қайта оралғым келеді.
- Кештен кейін аудитория қандай әсер алса екен дейсіз?
- Мен адамдар музыка арқылы жақындай алады деп сезінгенін қалаймын. Музыка тіпті әртүрлі тілде сөйлейтін адамдарды біріктіре алады. Егер бүгін бір адам болса да «Мен басқа мәдениетке сәл жақындадым» деп ойласа демек біз маңызды нәрсе жасадық.
Эстон музыкасының концерті тек үлкен мәдени бағдарламаның бөлігі ғана емес, сонымен қатар тереңірек үдерістің өзара танысу мен сыйластық процесінің бір бөлігі.
Эстониядан Арқалықтағы мектепке тарту етілген пианино, бірлескен жобалар, бір-біріміздің тарихына көңіл бөлу осының бәрі мәдениет сенім тіліне айналған кеңістік қалыптастырады.
- Маэстро Пуур, Сіздің бағдарламаңызда Арво Пярт пен Вельо Тормис орындалды ма? Бұл екеуінің есімі Эстония классикасының бет-бейнесін қалыптастырады. Осы композиторларды не біріктіреді?
- Бұл жыл Эстония үшін ерекше: біз екі үлкен мерейтойды атап өтіп отырмыз - Арво Пярттың 90 жылдығы мен Вельо Тормистің 95 жылдығы. Бұл тек екі есім емес - бұл екі бөлек музыкалық әлем. Пярт қазіргі кезде әлемде ең көп орындалатын тірі композиторлардың бірі. Ал Тормис - оның алғашқы ұстазы, Пярттан небәрі бес жас үлкен, бірақ шығармашылық жолына зор ықпал жасаған адам.
Олар өте әртүрлі, бірақ бір нәрсе оларды біріктіреді: екеуі де өткенге, музыкадағы ежелгі дәуірлерге көз тігеді. Пярт - григориандық әнге, орта ғасыр дәстүрінің тазалығы мен тыныштығына. Тормис - халық музыкасына, жердің дауыстарына, ұлттық тамырларымызға. Екеуі де музыкада адамнан биік, рухани мән іздейді.
Ең кереметі - олар өмір бойы достар болды. Ұстаз бен шәкірт, эстон музыкасының бейнесін қалыптастырған екі адам.
- Қазақстандық тыңдарман үшін осы бағдарламаның маңызы қандай?
- Бұл бағдарламаның өзіндік “эстондық сиқыры” бар. Онда жарық, тыныштық, ішкі кеңістік сезіледі. Тыныштық, табиғаттың демі, иістер мен тереңдік бар. Бұл - эстон жанын музыканың тілінде сезінудің мүмкіндігі.
Маған өте маңыздысы - бұл музыка Қазақстанда орындалды. Мұнда адамдар тереңдікті түсінеді, сондықтан бағдарлама шынайы жүрекпен қабылданды.
- Қазақстан сахнасында және аудиториямен жұмыс істегенде не сездіңіз?
- Мұнда атмосфера керемет жылы. Тыңдарман өте зейінді, құрметпен, жанашырлықпен тыңдады. Музыкант үшін ең бастысы - өз музыкаңыздың шын мәнінде біреуге қажет екенін сезіну.
Қорытындылай келе, осы музыкалық бағдарлама - эстон жан тынысының көрінісі. Мен қуаныштымын, дәл осы бағдарлама Қазақстанда орындалды.