Түркі әлемінің музей-қорықтары Стамбулда тәжірибе алмасуда

Түркі әлемінің музей-қорықтары Стамбулда тәжірибе алмасуда

Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия өкілдерімен қатар оған Қазақстаннан «Бозоқ», «Ұлытау», «Есік», «Тамғалы» мемлекеттік музей-қорықтарының басшылары қатысуда.

«Қазақстанда 25 000-нан астам тарихи-мәдени мұра объектілері тіркелген, олардың 250-і бүгінгі күні тарих және мәдениет ескерткіштерінің республикалық маңызы бар мемлекеттік тізіміне және 11 000 мыңға жуығы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізімдеріне енгізілген. Сондай-ақ, олардың 10-ы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Олар: Түркістан қаласындағы Х.А.Ясауи кесенесі, Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтері, Алматы облысындағы Талғар, Қарамерген, Қойлық және Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Қостөбе, Құлан, Өрнек, Ақыртас қалашықтары», - деп баяндамасында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Әлібек Бақытбекұлы айтты.

Әлібек Бақытбекұлының айтуынша, қазақстандық музей-қорықтар белгілі шетелдік музейлермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен белсенді түрде ынтымақтасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Мысалы, соңғы уақытта Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Венгрия, Дания, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және басқа да елдердің серіктестерімен 60-тан астам меморандумдар, келісімдер жасалды.

Өз кезегінде түркиялық әріптестері Стамбул қаласының тарихи ескерткіштерін қорғау бойынша түрлі іс-шаралар туралы баяндамалар жасап, үлкен тәжірибелерімен бөлісті. Бағдарлама 27 қыркүйекте аяқталады.

313
25.09.2024