
Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалистер конкурсына өтінім қабылдау жалғасуда. Байқауға Қазақстан мен шетелдің эстрадалық жанрдағы жас орындаушылары қатыса алады.
Ауқымды жоба Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Халық Қаһарманы, аңызға айналған әнші Роза Бағланованың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар конкурс жас таланттарды қолдауға, ұлттық және әлемдік вокал өнерінің үздік дәстүрлерін дамытуға жол ашады.
Байқауды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырып отыр.
Конкурсқа эстрадалық жанрдағы 18 бен 35 жас аралығындағы вокалистер қатысады. Атап айтқанда, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, телевизиялық вокалдық жобалардың қатысушылары, сондай-ақ Қазақстан мен жақын және алыс шетелдердегі мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының студенттері өтінім бере алады.
Байқаудың басты талаптарының бірі – Роза Бағланованың репертуарындағы шығармаларды жоғары кәсіби деңгейде орындау.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 8 сәуірге дейін жалғасады. Іріктеу кезеңі 8-17 сәуір аралығында онлайн форматта өтеді. Екінші тур 13 мамыр күні офлайн форматта ұйымдастырылады. Ал, финал мен гала-концерт 2026 жылғы 14 мамырға жоспарланған.