
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Афинадан Астанаға дейін. Владимир Потанин коллекциясынан Олимпиада артефактілері» атты көрме ашылды. Экспозиция қазіргі заманғы алғашқы Олимпиада ойындарының 130 жылдығына орай ұйымдастырылып, «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің мәдени бағдарламасы аясында көпшілікке ұсынылды.
Көрмені ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық музей және Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті ұйымдастырды. Экспозиция «Владимир Потаниннің Олимпиадалық коллекциясы» жобасы негізінде жасақталды.
Көрмеге Владимир Потаниннің жеке қорындағы 140 түпнұсқа жәдігер қойылған. Олардың қатарында 1896 жылы өткен Олимпиада ойындарынан бастап табысталған марапат, естелік медальдар, Олимпиада алаулары және дипломдары бар.
Экспозиция Қазақстанның даңқты спортшыларының жетістіктеріне арналған Ұлттық музей қорындағы бірегей жәдігерлермен толықтырылған. Атап айтқанда, Владимир Смирнов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Денис Тен, Ольга Рыпакова, Геннадий Головкин және Елдос Сметовке қатысты фотосуреттер мен жеке спорттық бұйымдар қойылған.
Көрме кеңістігі спорт тақырыбына сай безендірілген. Белдесу кілемі мен бокс рингі үлгісінде жасалған тақырыптық аймақтар экспозиция мазмұнын аша түседі. Ал цифрлық бөлімінде нейрожелі технологиясы арқылы Олимпиада дипломдарындағы ежелгі грек құдайлары мен спортшылардың бейнелері жанданады. Осылайша Олимпиада ойындарының тарихымен заманауи интерактивті форматта танысуға болады.
Владимир Потаниннің Олимпиадалық коллекциясы бұған дейін Мәскеу, Сочи, Бейжің қалаларында, ІІ Еуропа ойындары күндері Минскіде, БРИКС ойындары аясында Қазанда және Петербург халықаралық экономикалық форумы кезінде Санкт-Петербургте таныстырылды.
Жәдігерлер Олимпиада ойындарының тарихын ғана емес, әр дәуірдегі өнер мен эстетиканың даму ерекшеліктерін де айшықтайды.
Көрме 2026 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.