Ұлттық музейде «Дала өрнектерімен өрілген метал бұйымдар» атты көрме ашылды

Ұлттық музейде «Дала өрнектерімен өрілген метал бұйымдар» атты көрме ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Орталық музейінде «Дала өрнектерімен өрілген метал бұйымдар» көрмесі ашылды. Экспозицияға музейдің археология қорының соңғы үш жылда жинақталған шамамен 150 артефакті қойылған. Көрмеде б.з.д. XIII-X ғасырлардағы қола дәуірінің, б.з.д. VIII ғасыр – б.з. V ғасырлар аралығындағы ерте темір дәуірінің, сондай-ақ VI-XIV ғасырлардағы ортағасырлық кезеңнің жәдігерлері қойылған.

Келушілер әйелдердің әшекей бұйымдарын, қола айналарды, ғұрыптық бұйымдар, қазан әшекейлері, белдік әшекейлері, ат әбзелдерінің элементтері мен құрбандық тастарды тамашалай алады. Бұл артефактілер далалық өркениеттің көркемдік дәстүрлері мен мифологиялық нанымдарын айқын көрсетеді. Ерекше назар аударатын дүниелердің қатарында ерте көшпелі өнердің ең танымал көркемдік құбылыстарының бірі саналатын сақ дәуіріне тән «аң стилінде» жасалған бұйымдар бар.

Экспозицияның маңызды бөлігі қола дәуіріндегі күн бейнелі (солярлық) символикасы бар жәдігерлерге арналған. Бұл экспонаттар космогониялық түсініктердің негізгі нышандары – шеңбер мен айқыш бейнелерінің мәнін аша отырып, орнаменттік жүйенің мәдени және әлеуметтік өзгерістерге қарай қалай түрленгенін көрсетеді.

Көрмеде сондай-ақ зерттеуші Антон Шатохин жинаған б.з.д. VIII ғасыр – б.з. XII ғасырлар аралығындағы артефактілерден тұратын жеке коллекция ұсынылған. Коллекция Жетісу аймағындағы ежелгі және ортағасырлық тұрғындарының мәдени дәстүрлері, эстетикалық талғамы мен діни дүниетанымы туралы түсінік береді.

42
12.12.2025