Ассоль — туындылары төрткүл дүниені тамсандырған қазақ суретшісі

Ассоль — туындылары төрткүл дүниені тамсандырған қазақ суретшісі

Ассоль деген бүркеншік атпен танымал Әсел Сабыржанқызы — Қазақстан суретшілерінің жас буыны арасындағы ең жарқын өкілдердің бірі. Ол — 14 жыл бойы кәсіби білім алған, өнертану ғылымдарының магистрі. Әселдің шығармашылығы тек классикалық кескіндемемен шектелмей, оның өнерге деген ерекше көзқарасын, шексіз ізденісі мен тәжірибе жасауға деген құштарлығын көрсетеді.

Ассольдің еңбегі жоғары деңгейде бағаланып, Қазақстан Республикасының Президенті тарапынан бірқатар марапаттарға ие болды. Ол — киелі өнерді елімізде және шетелде дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының Құрмет грамотасымен, жеке Алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталған. 2023 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасын иеленіп, бұл марапатқа қол жеткізген ең жас суретші атанды. Сонымен қатар, 2024 жылы TikTok платформасында «Ұлттық мәдениет» аталымы бойынша жүлдеге ие болды.

Ассольдің жұмыстары әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, ерекше стиль мен техниканың арқасында көрермендерді тәнті етуде. Оның әрбір туындысы — туған жерге, ұлттық болмыс пен мәдениетке деген терең сүйіспеншіліктің айғағы.

– Әсел, сіз кәсіби суретшісіз. Алайда туындыларыңызда әртүрлі жанрлар тоғысқан батыл тәжірибелер бар. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?

– Иә, мен 14 жыл бойы білім алған кәсіби суретшімін, өнертану ғылымдарының магистрімін. Сурет салудың көптеген әдіс-тәсілдерін меңгердім. Алғашқыда классикалық кескіндемеден бастадым. Кейін гиперреалистік портреттерді салып, блогымда бөлісе бастадым. Аудиторияның қызығушылығын байқай отырып, тәжірибе жасаудың маңызын түсіндім.

Уақыт өте келе заманауи бағыттарда да жұмыс істеп көрдім. Өз блогымда түрлі материалдармен, ерекше техникамен сурет салдым. Мысалы, сол қолыммен, тіпті екі қолыммен бір мезгілде, аяқпен де сурет салуға машықтандым. Қазір бір мезгілде аяқ-қолыммен салып шығаратын туындыларым да бар. Осындай батыл тәжірибелер мені жаңа деңгейге жетеледі.

– Сіздің кеңінен танылуыңызға кілемге салынған туындыларыңыз себеп болды. Осы ерекше коллекцияңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Бұл бағытқа саналы түрде бет бұрдым және ол жүрегіме жақын болды. “Ұлы дала әйелдеріне” арналған топтамада 14 бейне бар: Көкбөрі, Жер-Ана, Айтолқын батыр, Гаухар батыр сынды тарихи тұлғалар мен образдар. Менің мақсатым — тарихымыздағы әйел бейнесін қайта жаңғырту: олар тек тұрмыс тіршілігінде ғана емес, ел басқару, жауынгерлік іс-қимылдарда да ерлермен қатар тұрғанын көрсеткім келеді.

Алдымен эскиз жасаймын, содан кейін суретке үйлесімді кілем таңдау процесі басталады. Бұл — аса көп уақытты талап ететін кезең. Кілем өрнегі мен портрет үйлесіп, бейне айқын және әсерлі шығуы тиіс.

Бұл коллекция Астана, Баку, Берлин, Париж қалаларында көрмеге қойылды. Қазіргі таңда осы бағытты жалғастырып, топтаманы толықтырып жатырмын. Бұл жұмыс маған зор шабыт сыйлайды.

– Қазір көптеген суретшілер этностильге бет бұрды. Бұл бағыттың трендке айналуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазақстан – салыстырмалы түрде жас мемлекет. Бейнелеу өнеріміз де салыстырмалы түрде жаңа. Оның бастауы 1850 жылдардан басталады. Сол кезде алғашқы қазақ суретшілері кәсіби білім ала бастады. Сол уақыттан бастап бейнелеу өнеріне деген қажеттілік пен сұраныс арта түсті.

Этностиль — ерекше бағыт. Қазақ мәдениеті өте бай. Мысалы, киіз үйдің ішкі безендірілуіне қарасаңыз — әрбір детальда тарих пен рух бар. Мұның бәрі — қолдан жасалған, шынайы өнер. Бұл рух біздің қанымызда бар. Сондықтан біз, суретшілер, оны сезінеміз, әрі шығармашылығымыз арқылы халыққа жеткізгіміз келеді. Этностиль — тек сән емес, ол — біздің тамырымыз, өткенімізге деген құрмет.

– Өнердің коммерциялық жағы туралы айтсақ. Бүгінде суретші үшін ақша табу қиын ба?

– Суретші болу — әрқашан оңай емес. Кез келген заманда суретшілер шығармашылығы арқылы өмір сүруді үйренуге мәжбүр болған. Студент кезімде тапсырыспен сурет салып жүрдім. Бірақ оның материалдық тұрғыда ұзаққа бармайтынын түсіндім. Сондықтан шығармашылықты қалай монетизация жасауға болатынын зерттей бастадым.

Негізгі ой — көрерменге тек суретті емес, идеяны жеткізу. Сол себепті сурет салу процесін видеоға түсіріп, блогымда жариялай бастадым. Қай кезде картина идеясы ашыла бастаса — сол кезде аудитория да артты. Сол кезде менің жұмыстарымды сатып алуға қызығушылық пайда болды.

Қазір бұл тәсілдің тиімді екеніне көзім жетті. Менің басты мақсатым — жас суретшілерге шабыт беріп, ұлттық бейнелеу өнеріне өз үлесімді қосу.

107
28.05.2025