
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қытай Халық Республикасының Ұлттық музейі Солтүстік Қазақстан облысында бірлескен археологиялық экспедиция жүргізіп жатыр.
Зерттеу жұмыстары екі музей арасында жасалған өзара түсіністік туралы меморандум аясында 14 шілдеден 16 тамызға дейін өтеді. Мамандар Айыртау ауданындағы Имантау ауылының маңында орналасқан қола дәуіріне жататын көне қонысты зерттеуде.
Экспедиция құрамында Қазақстан Ұлттық музейінің Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты мен Қытай Ұлттық музейінің Археология институтының мамандары бар.
Ғалымдар өңірді ежелгі заманда мекендеген тұрғындардың тұрмысы, шаруашылығы мен мәдениеті туралы жаңа деректер жинауды көздейді. Экспедиция барысында табылған артефактілер ғылыми айналымға енгізіліп, зерттеу нәтижелері екі елдің бірлескен ғылыми басылымдарында жарияланады.