Жаңа дәуір кітапханасы: Қазақстанда оқу мәдениеті қалай өзгеруде?

Жаңа дәуір кітапханасы: Қазақстанда оқу мәдениеті қалай өзгеруде?

23 сәуірде елімізде Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні аталып өтті. Биыл бұл мерекенің мәні айрықша. Кітап пен кітапханаға арналған екі мереке алғаш рет мемлекеттік деңгейде қатар атап өтіліп отыр. Бұл – кітаптың рухани құндылық ретіндегі орны ғана емес, кітапханалардың қазіргі мәдени және білім беру кеңістігіндегі маңызы да арта түскенін көрсетеді.

Бүгінде кітапхана тек кітап сақтайтын орын деген түсінік ескірді. Қазіргі кітапхана – түрлі буын өкілдері бас қосатын, цифрлық қызметтер ұсынылатын, дәрістер, клуб отырыстары, шығармашылық сабақтар, оқу марафондары мен білім беру жобалары өтетін ашық қоғамдық кеңістікке айналып келеді.

Технология қарқынды дамыған заманда дәл осы кітапханалар адамның кітапқа деген қызығушылығын сақтап, білімге қолжетімділікті кеңейтіп, дәстүрлі кітап мәдениетін жаңа форматтармен ұштастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстандағы кітапхана жүйесі қалай жаңарып жатыр? Бүгін кітапханаға кімдер келеді? Кітапханашылар үшін қандай жағдай жасалуда? Бұл саланың болашағы қандай болмақ? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Qazaq Culture Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Сейітовамен сұхбаттасты.

– 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні. Бұл датаның мәдениет саласы үшін маңызы неде?

– Бұл күннің мәні кәсіби мереке аясымен ғана шектелмейді. Кітап пен кітапхана қашанда қоғамның мәдениетімен, рухани сабақтастығымен тығыз байланысты болып келді. Бүгінде олардың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Қазіргі кітапхана – қор сақтайтын орын ғана емес, адам оқи алатын, білімін толықтыратын, цифрлық ресурстармен жұмыс істейтін, пікір алмасып, өзін дамытатын заманауи мәдени-білім беру кеңістігі.

2026 жылы Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні алғаш рет біріктіріліп, 23 сәуірде мемлекеттік деңгейде атап өтіліп отыр. Бұл – өте маңызды өзгеріс. Өйткені ол кітапты, оқу мәдениетін, кітапхана ісін және кітапханашы еңбегін біртұтас жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Мереке аясында еліміздің барлық өңірінде 1500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың қатарында кітап апталықтары, фестивальдер, шығармашылық кездесулер, дәрістер, шеберлік сағаттары, байқаулар, оқу марафондары, сондай-ақ «Бір ел – бір кітап» секілді жалпыхалықтық жобалардың жалғасы бар.

Мұндай бастамалардың басты мақсаты – кітап оқуды көпшілікке, әсіресе балалар мен жастарға жақындата түсу және кітапхананың әлі де сұранысқа ие, қоғамға қажет кеңістік екенін көрсету.

– Бүгінде кітапхана және кітап ісі саласында еңбек ететін мамандарға қандай жағдай жасалып жатыр? Еңбекақы төлеу жүйесінде өзгерістер бар ма?

– Қазақстанда кітапхана жүйесін жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте әңгіме тек ғимараттарды жөндеу немесе кітап қорын жаңарту туралы ғана емес, кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеру жөнінде де болып отыр.

Қазір еліміздегі жалпыға қолжетімді кітапханаларда 10 мыңға жуық кітапханашы еңбек етеді. Олар – оқырман мен кітапты, цифрлық ресурстар мен білім кеңістігін өзара байланыстыратын маңызды мамандар.

Бұл бағытта еңбекақы мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. 2022 жылдан 2025 жылға дейін кітапханашылардың жалақысы кезең-кезеңімен индекстеліп, нәтижесінде 100 пайызға өсті. Еңбекақы мөлшері маманның біліміне, еңбек өтіліне, атқаратын лауазымына, кітапхана мәртебесіне, сондай-ақ ауылдық жерде, экологиялық апат аймағында немесе радиациялық қауіп аймағында жұмыс істеу сияқты қосымша факторларға байланысты белгіленеді.

2025 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына «Ұлттық» мәртебе берілуін де бөлек атап өткен жөн. Бұл шешім аталған кітапхана қызметкерлерінің еңбекақысын қосымша 75 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.

Мұндай қадамдардың маңызы зор. Өйткені кітапхана саласын дамыту – ең алдымен күн сайын оқырманмен жұмыс істеп, кітап пен білімге жол ашып жүрген мамандарды қолдаудан басталады.

– Қазір Қазақстанда қанша кітапхана жұмыс істейді және олардың оқырман саны қалай өзгеріп жатыр? Кітап оқуға деген қызығушылық артып келеді деп айтуға бола ма?

– 2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша Қазақстанда түрлі жүйелер мен ведомстволарға қарасты 12 мыңнан астам кітапхана бар. Соның ішінде мәдениет саласы жүйесінде 4 мыңға жуық жалпыға қолжетімді кітапхана жұмыс істейді. Бұл – қалаларды, аудандарды және ауылдық елді мекендерді қамтып отырған кең ауқымды желі.

Соңғы жылдары кітапханаға келушілер санының тұрақты өсіп келе жатқанын байқаймыз. 2025 жылы көпшілік кітапханаларға келушілер саны 57 миллионнан асты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2 миллионға көп. Сонымен қатар кітап беру көрсеткіші де 3,2 миллион данадан астамға артты. Бұл деректер кітапханалардың қоғам тарапынан қайтадан үлкен сұранысқа ие болып келе жатқанын көрсетеді.

Ұлттық академиялық кітапхананың көрсеткіштері де осы үрдісті айқын аңғартады. Мәселен, 2010 жылы кітапхана оқырмандарының саны 20,5 мың адамды, ал келушілер саны 288,1 мыңды құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген оқырмандар саны 57 мыңға жетті. Ал, кітапханаға келушілер мен қашықтан пайдаланушыларды қоса есептегенде, жалпы көрсеткіш 1,4 миллионға жетіп отыр.

Бұл – кітап оқуға деген қызығушылықтың сақталып қана қоймай, жаңа деңгейде дамып келе жатқанын білдіреді. Оқырмандар классикалық және көркем әдебиетке, қазақ классикасына, оқу және ғылыми басылымдарға, сондай-ақ психология, философия, IT және басқа да заманауи бағыттардағы кітаптарға жиі жүгінеді.

– Бүгінде кітапханалардың негізгі оқырманы кім? Аудиторияның сипаты өзгеріп жатыр ма?

– Иә, оқырман бейнесі шынымен өзгеріп келеді. Қазір кітапханаларға ең белсенді келетін топ – жастар. Олар кітапхана пайдаланушыларының жалпы санының 51 пайызына дейінгі үлесін құрайды. Бұлар – негізінен мектеп оқушылары, студенттер және шамамен 17 мен 25 жас аралығындағы жастар.

Олар үшін кітапхана көбіне тек кітап оқитын орын ғана емес, білім алуға, өзін дамытуға, пікір алмасуға және түрлі жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін кеңістікке айналып отыр.

Сонымен қатар 45 жастан асқан оқырмандардың да қатары көбейіп келеді. Бұл санатқа негізінен оқытушылар, зерттеушілер, ғалымдар, түрлі сала мамандары мен мемлекеттік қызметшілер кіреді. Олардың үлесі жалпы пайдаланушылар санының шамамен 41 пайызын құрайды. Мұндай құрылым кітапхананың әртүрлі буын өкілдері үшін әлі де сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Бүгінгі оқырман көбіне аралас форматты таңдайды. Ол үшін қағаз кітап та, электронды ресурстарға, дерекқорларға, цифрлық каталогтарға, білім беру іс-шараларына қолжетімділік те маңызды. Сондықтан кітапханалар жаңа сұраныстарға бейімделіп келеді.

Соңғы екі жылда өңірлердегі 70-тен астам көпшілік кітапхана толық жаңғыртудан өтіп, көпфункционалды коворкинг орталықтарына айнала бастады.

– Кітапханалар жаңа аудиторияны тарту үшін қандай заманауи жұмыс форматтарын енгізіп жатыр?

– Бүгінде негізгі бағыттардың бірі – көпфункционалды кеңістіктер мен интерактивті форматтарды дамыту. Кітапханалар адам тек кітап алып кететін емес, еркін келіп, жұмыс істейтін, пікір алмасатын, мәдени немесе білім беру бағдарламаларына қатысатын жайлы әрі ашық орта қалыптастыруға ұмтылып отыр.

Өңірлерде бұл бағытта қызықты жобалар бар. Мәселен, Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған Kids-коворкинг форматы іске қосылды. Павлодар облысында балалар сүйікті кітаптарына иллюстрация жасап, шығармашылық қабілетін дамытатын «Мен – иллюстратормын» жобасы жұмыс істейді. Мұндай бастамалар балалардың қиялын ұштап, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады.

Театрландырылған және ойын форматтарына да ерекше көңіл бөлінуде. Балаларға арналған көлеңке театрлары жас оқырмандарды әдебиет әлеміне сахна өнері арқылы жетелейді. Ал Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын үйлер» әлеуметтік жобасы жаңа тұрғын аудандардағы отбасылардың мәдени әрі интеллектуалды демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Көшпелі форматтар да кеңінен танылып келеді. Жыл сайын «Көгалдағы оқу залы», «Жолға кітап ал» акциясы, пойыздар мен өзен бағыттарындағы іс-шаралар өткізіледі. TAXYLIBRARY форматы жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын дәріптеуге, сондай-ақ тұрғындар мен қонақтарды өңірдің көрікті жерлерімен таныстыруға ықпал етеді.

Кітапханалардың жұмыс кестесі де өзгеріп жатыр. Алматы мен Астанадағы орталық кітапханалар кешкі сағат 21:00-ге дейін ашық. Кейбір өңірлерде жаз мезгілінде кітапханалар 22:00–23:00-ге дейін жұмыс істейді. Алматыда Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен М. Әуезов атындағы кітапхананың филиалы – Alatau Creative HUB тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, қала бойынша 24/7 режимінде қолжетімді 28 өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы орнатылған.

– Кітапханаларды цифрландыру қаншалықты қарқынды жүріп жатыр? Оқырмандарға қазір қандай сервистер қолжетімді?

– Кітапханаларды цифрландыру бүгінде жай ғана заман талабы емес, саланы дамытудың қажетті кезеңіне айналды. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бұл кітапхана саласы үшін жаңа сервистерге көшу, жұмыс процестерін автоматтандыру және білімге қолжетімділікті кеңейту дегенді білдіреді.

Қазір кітапханаларда цифрлық каталогтар, электронды кітапханалар, дерекқорларға қашықтан қол жеткізу, виртуалды анықтама қызметтері, чат-боттар, мобильді қосымшалар мен жасанды интеллект құралдары енгізіліп жатыр. Мұның бәрі оқырманға қызметті тек кітапхана ғимаратында ғана емес, қашықтан да алуға мүмкіндік беретін толыққанды кітапхана экожүйесін қалыптастырады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің басым жобаларының бірі – Ұлттық академиялық кітапхана базасында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана – ҚазҰЭК. Бұл жоба қазақстандық мазмұндағы толық мәтінді ресурстарды біріктіріп, әлемнің кез келген нүктесінен шамамен 85 мың цифрлық құжатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сирек кездесетін әрі құнды басылымдарды цифрландыру жұмысы қатар жүргізіліп келеді. Бұл – құжаттық мұраны сақтап қана қоймай, оны көпшілікке кеңінен қолжетімді ету үшін де маңызды.

Алдағы кезеңде негізгі жұмыс цифрлық контент көлемін арттыруға, кітапханаларды бірыңғай жүйеге біріктіруге және пайдаланушылар үшін сервистерді барынша ыңғайлы етуге бағытталады.

– Заманауи технологиялар кітапты ығыстырып жатқан жоқ, керісінше оған деген қызығушылықты қайта оятуға көмектесіп отыр деп айтуға бола ма?

– Иә, дәл солай. Заманауи технологиялар кітапқа қарсы қойылмайды, керісінше оған қол жеткізудің мүмкіндігін кеңейтеді. Бүгінде оқырман кітапханаға келіп қағаз кітап ала алады, электронды каталогты пайдаланады, қажетті құжатқа тапсырыс береді, онлайн кеңес алады немесе сирек кітаптың цифрлық нұсқасымен таныса алады.

Бұл әсіресе жас буын үшін маңызды. Олар жылдам сервистерге, мобильді қосымшаларға, интерактивті ортаға үйренген. Егер кітапхана жастармен оларға түсінікті тілде сөйлесіп, цифрлық құралдарды тиімді қолдана отырып, оқу мәдениетінің құндылығын сақтай білсе, кітапқа деген қызығушылық тек арта түседі.

Сондықтан қазіргі кітапхананың міндеті – тек қорды сақтау емес, кітапты бүгінгі зияткерлік ортаның ажырамас бөлігіне айналдыру. Кітап сөрелерімен қатар коворкингтер, дәріс залдары, клубтар, шығармашылық зертханалар мен цифрлық сервистер пайда болған кезде, кітапхана адамдар амалсыз емес, шынайы қызығушылықпен келетін кеңістікке айналады.

– Алдағы 5-10 жылда Қазақстан кітапханаларының дамуын қалай елестетесіз?

– Менің ойымша, алдағы уақытта кітапханалардың дамуы дәстүрлі кітап сақтау орнынан көпфункционалды зияткерлік орталыққа, яғни Smart-кітапханаға айналу бағытымен жалғасады. Бұл – цифрландыру, әлемдік білім қорына қолжетімділік, жайлы қоғамдық орта және жанды мәдени байланыс тоғысатын кеңістік болмақ.

Жақын жылдары кітапхана инфрақұрылымын жаңғырту, электронды қорларды кеңейту, кітапханаларды бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру, кітапхана сервистеріне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ балаларға, жастарға, зерттеушілерге және аға буын өкілдеріне арналған жаңа форматтарды дамыту негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

Алайда технология қаншалықты өзгерсе де, кітапхананың басты миссиясы өзгермейді. Ол адамға оқуға, ойлануға, білім алуға, дамуға және өз елінің мәдениетімен байланысын терең сезінуге көмектесуі тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, болашақ кітапханасы – кітапқа балама емес, кітаптың жаңа өмір кеңістігі.

666
23.04.2026