Ұлттық киім неге танымал бола бастады және жастар бұл трендке қаншалықты ереді?

Ұлттық киім неге танымал бола бастады және жастар бұл трендке қаншалықты ереді?

Жаһандану мен сән әлемінің жылдам даму дәуірінде, даралық жоғала бастаған сәтте ұлттық брендтер этникалық стиль ғана емес, қазақ мәдениетін қазіргі контексте терең ұғынуды ұсынады. Алайда жергілікті брендтерге деген жаһандық қызығушылық артқанына қарамастан, Қазақстанда ұлттық киім мен күнделікті өмір арасында әлі де алшақтық байқалады. Біз мәдени кеңістік құрушы, дизайнер Меруерт Аубакировамен сұхбаттасып, оның бренді елдегі дарынды дизайнерлердің дамуына қалай бастау болғаны және салт-дәстүрге, ата-баба коды мен ұлттық болмысқа құрметпен қарайтын философияның қалай туғаны туралы сөйлестік.

– Меруерт, сіздің жолыңыз қалай басталды?
– «DӘSTUR» атты брендім қазақтың салт-дәстүрін сақтап, оны қазіргі заманға сай жаңаша ұсыну ниетінен туды. Бәрі француз азаматына тұрмысқа шыққан құрбыма сыйлық ретінде әдемі әрі заманауи шапан іздеуден басталды. Өкінішке қарай, нарықта заманауи рухты жеткізе отырып, қазақи болмыс пен этникалық нәзіктікті, терең тарихымызға деген құрметті үйлестіре алатын дүние табылмады.
Қазір біздің бренд – жай ғана дүкен емес, ол – дизайн арқылы ұрпақтар арасын байланыстыратын мәдени кеңістік. Біз өткенге сағынышпен қарамаймыз. Біз тірі, саналы түрде түп тамырымызбен сабақтасу жолын ұсынамыз. Логотипіміздің өзі – ата-бабаға, руға, негізге жасалған ишара.

– Өз өндірісіңіз болмаса, бұйымдар қалай жасалады?
– Біз өзіміз тікпейміз – бұл біздің басты ерекшелігіміз. «DӘSTUR» – бұл қолөнершілерді, дизайнерлерді, шеберлерді және тұтынушыларды біріктіретін хаб. Көп адам тамаша дүниелер жасай алады, бірақ өзін насихаттай алмайды. Бұл жағдай маған таныс. Сондықтан біз шеберлер өз жұмыстарын ұсына алатын, сататын, аудиториямен байланыс құратын алаң құрдық. Оларда туындайтын негізгі қиындықтар: кадр тапшылығы, сапалы мата табу, ұзаққа созылатын жұмыс процессі... Шығармашылыққа идеядан бөлек, тұрақты қолдау жүйесі қажет.

– Хабта шеберлік сабақтарын да өткізесіз бе?
– Иә, менің мақсатым – аға буын мен жастарды байланыстыратын көпір құру. Олар өзара тәжірибе алмасып, салт-дәстүр жайлы айтып, ата-текке құрмет білдіреді. Брендім мен хабымның идеясы – талантты шеберлер мен дизайнерлерге өз өнерін танытып, дамуына мүмкіндік беру. Декор, этно киімдер мен интерьер элементтері арқылы біз өткен тарихты жеткіземіз. Тұтынушылар өз тамырын танып, соған қайта оралса дейміз.

– Қазақстандағы этноиндустрияның қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?
– Бұл сала әлі қалыптасып жатыр. Жақсыдизайнерлер бар, бірақ оларды таныстыратын қолжетімді алаңдар аз. Немесе жас дизайнерлер үшін бағасы тым қымбат болуы мүмкін. «DӘSTUR»-ді сол кемшілікті толықтыру үшін құрдық. Онлайн сату өсіп келеді, бірақ бұйымды «сезіну», киіп көру, авторымен сөйлесу үшін оффлайн кеңістіктер жетіспейді. Мұндай тірі алаңдар керек.

– Неліктен қазақстандық дизайнерлердің киімі масс-маркеттен қымбатырақ?
– Бұл – адал экономика. Біз миллиондаған данамен өндірмейміз. Маталар көбіне шетелден алынады, ел ішінде шикізаттық база әлі де әлсіз. Жұмыс – қолмен жасалады, топтамалар – шағын. Иә, қымбат, бірақ артында – тарих, сапа, жан бар. Бірегейлік арзан тұра алмайды.

– Ұлттық киім мен дизайнерлерді қалай кеңінен танымал етуге болады?
– Ол үшін экожүйе керек. Біріншіден, этнодизайн мен қолөнер бойынша білім беру бағдарламалары қажет – жастар трендті ғана емес, түп тамырды да білсін. Екіншіден, жас дизайнерлер мен стартаптарға қолдау – гранттардан бастап коллаборацияларға дейін. Үшіншіден, коллекциялар қолжетімді болуы тиіс – адамдар оларды күнде киюге мүмкіндігі болсын. Ал ең бастысы – pop-up жәрмеңкелер, фестивальдер, көрсетілімдер сияқты ауқымды іс-шаралар қажет.

– Жас дизайнерлер өздерін қайда таныта алады?
– Жергілікті және халықаралық көрмелерде, fashion-платформаларда. Ең маңыздысы – «DӘSTUR» сияқты тірі шығармашылық кеңістіктерде. Мұнда тек бұрыш немесе сөре емес, кері байланыс, қауымдастық, қолдау, бірлескен жобаларды сынап көру мүмкіндігі бар. Бұл – даму үшін ең тиімді жол.

– Қазақстанда жергілікті брендтерді қалай насихаттаған дұрыс? Қолдау тетіктері бар ма?
– Біз өзіміз тетікпіз. Хаб ретінде шеберлерді біріктіріп, іс-шаралар ұйымдастырып, оралғысы келетін орта қалыптастырып отырмыз. Адам бұйымға авторды танығанда, оның тарихын білгенде ғана ғашық болады. Ең маңызды кеңес – жалғыз жұмыс істемеу. Қауымдастық, әріптестік, коллаборация – бұл жай ғана сәнді сөздер емес, табыстың катализаторлары.

– Қазіргі жастар ұлттық өнімдерге әрдайым қызыға бермейтінін байқайсыз ба? Бұл неліктен деп ойлайсыз?
– Адам табиғаты бірнеше кезеңнен өтеді. 20–30 жас аралығындағы жастарда басқа басымдықтар мен армандар бар – олар өздерін қамтамасыз етуді ойлайды. 30-дан кейін ғана адам өзін, болмысын іздей бастайды. Сол кезде ұлттық өнерге, киімге, болмыс кодына деген қызығушылық оянады. Бұл – уақыт мәселесі.

– Сіздің ойыңызша Қазақстанда ұлттық киім Өзбекстандағыдай күнделікті өмірде қолданылмауының себебі неде?
– Өзбекстанда этно - өмірдің ажырамас бөлігі. Әйелдер де, ерлер де ұлттық элементтерді күнделікті киіммен үйлестіріп, жұмысқа, кездесуге, дәмхана сынды жерлерге киіп бара береді. Бұл – табиғи нәрсе. Ал бізде этно киім Наурызбен, сахнамен, ресми шаралармен ғана байланысты. Салт-дәстүрді «музейде ұстап тұрғандай» сезіледі. Мұны өзгерту үшін ұлттық элементтерді заманауи киімге енгізу, брендтердің визуалды айдентикасын дамыту, әртістер, инфлюенсерлер мен музыканттарды тарту маңызды. Олар өз мысалдарымен этноның әдемі, заманауи екенін көрсетсе дейміз.

– Ата-бабаларымыз киім жасағанда неден шабыт алған? Бұл бүгінгі күні қалай көрініс табуда?
– Әр элементтің өз мәні болған. Ою-өрнек – тұмар. Киімнің пішімі – тұрмыс, ауа райы мен өмір салтының көрінісі. Әйел киімі – мәртебенің, ер киімі – батырлықтың белгісі. Киім арқылы адамның тарихы оқылатын. Бүгінгі дизайнерлер де осы принциптерден шабыт алады: пішімді, белгілерді қайта қарап, оларды заманауи киімге, бөлшектер мен аксессуарларға бейімдейді. Бұл – дәстүрді музейде әйнек астына қоймай-ақ, өзекті қалпында сақтаудың негізгі тәсілі.

– Сіз үшін қандай дәстүр ерекше маңызды?
– Күмәнсіз — қонақжайлық. Бұл жай дәстүр емес, тұтас философия. Құрмет, сабыр, жан жомарттығы — бәрі осы ұғымда. Біз тірі жүздесулердің жылуын жоғалтпасақ екен деймін, дастархан басында тек мейрам күндері емес, күнделікті де бас қоссақ екен. Өкінішке қарай, қазір бір-бірімізге қонаққа сирек барамыз, еуропаланып, тұйықталып барамыз. Бұл — жақсы не жаман емес, тек өзгеріс. Бірақ қонақжайлық — біздің мәдени кодымыз. Оны сақтау — парыз.


43
07.08.2025