Қазақстандық «Mūğalım» фильмі Сан-Себастьян кинофестивалінің байқау бағдарламасына енді

Қазақстандық «Mūğalım» фильмі Сан-Себастьян кинофестивалінің байқау бағдарламасына енді

Қазақстандық «Mūğalım» фильмі Испанияда 18-26 қыркүйек аралығында өтетін 74-ші Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің New Directors байқау бағдарламасына енді. Аталған фестиваль Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясының (FIAPF) аккредиттеуінен өткен беделді байқау кинофестивальдерінің қатарына кіреді.

New Directors бағдарламасына әлемнің әр түкпірінен шыққан режиссерлердің алғашқы және екінші толықметражды фильмдері іріктеледі. Бағдарламаға қатысатын барлық туынды Kutxabank-New Directors сыйлығы үшін бақ сынайды.

Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Туынды Балқаш қаласындағы музыка пәнінің мұғалімі туралы баяндайды. Үлкен қалаға көшуге мүмкіндік туған сәтте ол өз арманы мен ұстаздық жолының арасында таңдау жасауға мәжбүр болады.

«Mūğalım» – режиссер Аяна Нұрдинованың толықметражды кинодағы тұңғыш жұмысы. Фильмнің продюсері – Аружан Досымқожа, қоюшы операторы – Айгүл Нұрболатова.

Басты рөлдерді Олжас Дәлелхан, Рүстем Жаныаманов, Шынар Жәнісбекова, Гүлнәр Дусматова, Ольга Ландина, Бақытжан Әлпейіс, Мадина Есман, Анна Старченко және Акиф Петров сомдады.

218
30.07.2026