
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде суретші-иллюстратор, дизайнер, театр костюмдерінің суретшісі және авторлық қуыршақ шебері Гүлфарида Жаниярованың «Менің ғажайып әлемім» атты мерейтойлық жеке көрмесі өтіп жатыр.
Көрмеге суретшінің шығармашылық ізденісін жан-жақты танытатын 50 кескіндеме туындысы мен 20 авторлық қуыршағы қойылған. Экспозицияның елеулі бөлігін гүлдер бейнеленген композициялар құрайды. Сонымен қатар ұлттық мәдениетке, қазақ халқының салт-дәстүріне, тарихи киім үлгілеріне және жануарлар әлеміне арналған еңбектер де ұсынылған.
Көрменің жеке бөліміне авторлық қуыршақтар топтастырылған. Олардың әрқайсысы кейіпкер бейнесінің, киімінің және әшекей бұйымдарының ұқыпты әрі терең зерделенуімен ерекшеленеді. Бұл туындылардан шебердің шығармашылық жолымен тығыз байланысты театр өнерінің ықпалы анық байқалады.
Гүлфарида Жаниярова Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің кескіндеме бөлімін тәмамдаған. Әр жылдары театр костюмдерінің суретшісі болып еңбек етіп, дизайн, кітап безендіру және сәндік-қолданбалы өнер салаларында жұмыс істеді.
Ол Авторлық қуыршақ шеберлерінің халықаралық ұйымына қабылданған алғашқы қазақстандық суретші. Оның туындылары халықаралық көрмелерде таныстырылып, жеке коллекцияларға енген.