
Елімізде «Қазақстан Республикасының музейлерін цифрландыру және дамыту» атты халықаралық семинар өтті. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген музей ісінің мамандары қатысты. Білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) бастамасымен, музей ісіндегі қазақ-түрік әріптестігі аясында ұйымдастырылды.
Бес күнге созылған семинарға Қазақстанның 60-қа жуық музейінен 100-ден астам маман қатысты. Бағдарлама аясында дәрістер, тәжірибелік сабақтар, шеберлік сағаттары мен тренингтер ұйымдастырылды. Онда музей жұмысын цифрлық жүйеге көшіру, мәдени мұраны сақтау мен басқару, заманауи технологияларды қолдану, қор жұмысын жетілдіру, келушілермен жұмыстың жаңа тәсілдері және музейді басқарудың озық тәжірибелері кеңінен қарастырылды.
Түркиядан келген сарапшылар музейлерді цифрландырудың заманауи үлгілерін көрсетіп, мәдени мұраны сақтау мен көпшілікке таныту бағытындағы халықаралық тәжірибені ортаға салды. Сонымен қатар еліміздегі музейлердің жұмысына бейімдеуге болатын әдіс-тәсілдер таныстырылды.
Семинар сала мамандарының пікір алмасуына мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы музей ісіндегі әріптестікті одан әрі нығайта түсті. Іс-шара музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, музейлердің цифрлық әлеуетін дамытуға бағытталды.
Оқу бағдарламасын аяқтаған қатысушыларға сертификаттар табысталды.