
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» сахнасында қазақ өнерінің көрнекті өкілі Мәдениет Ешекеевтің 90 жылдығына арналған Айдос Саниязбекұлының алғашқы «Сұржекей» шығармашылық кеші өтті.
Концерт бағдарламасы қазақ вокал өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мәдениет Ешекеевтің шығармашылық мұрасын кеңінен танытуға және қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеуге бағытталды.
Кеш шымылдығы Біржан салдың «Айтбай» әнімен ашылды. Сонымен қатар сахнада «Майда қоңыр», «Көгаршын», «Қанатталды», «Гауһартас» секілді қазақ ән өнерінің алтын қорына енген туындылар шырқалды.
Концерт барысында Ардақ Елеусіз бен Тоғжан Үмбеттің орындауындағы «Жалғыз аққу» дуэтіне көрерменнің ықыласы ерекше болды. Сондай-ақ Ерлан Рысқали мен Еркін Шүкіманның өнері де көптің қошеметіне бөленді.
Шығармашылық кештің ең әсерлі тұстарының бірі ретінде «Сұржекей» композициясының бейнеформатта ұсынылуы болды. Алдымен көрермен Мәдениет Ешекеевтің орындауын тамашаласа, кейін әнді оның шәкірті жалғастырды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық үндестік өнердегі сабақтастық пен дәстүр жалғастығын айқын көрсетті. Кеш «ASTANA SAZY» фольклорлық ансамблімен бірге орындалған әнмен аяқталды.