
Корея Республикасына жұмыс сапары аясында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов Кореяның креативті контентті дамыту агенттігінің (KOCCA) президенті Ким Юн Джимен кездесті.
KOCCA 2009 жылы бес мемлекеттік салалық ұйымды біріктіру арқылы құрылған және бүгінде Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігіне қарасты креативті индустрияларды дамытудың негізгі мемлекеттік институты. Агенттік K-Content саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіреді, компанияларға қаржылық және сараптамалық қолдау көрсетеді, зияткерлік меншікті (IP) дамытуға ықпал етеді, кино, телевизия, музыка, ойын индустриясы, анимация, вебтундар, сән, цифрлық контент бағыттарын қолдайды. Сонымен қатар кадр даярлау, стартаптарды дамыту және жасанды интеллект (AI), VR, AR, XR, Culture Technology секілді озық технологияларды енгізу бағдарламаларын жүзеге асырады. KOCCA-ның штаб-пәтері Наджу қаласында орналасқан, ал халықаралық желісі әлемнің түрлі елдеріндегі 20-дан астам өкілдікті қамтып, корей контентін жаһандық деңгейде ілгерілетуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қызмет етеді.
Ким Юн Джи 2026 жылғы маусым айында KOCCA президенті қызметіне тағайындалып, агенттік құрылған 2009 жылдан бергі алғашқы әйел басшы атанды. Бұған дейін ол 17 жылдан астам уақыт бойы Кореяның Экспорттық-импорттық банкінде K-Content экспортының экономикалық тиімділігін зерттеп, креативті экономиканы дамыту және корей контентінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігі мәселелерімен айналысқан.
Кездесу барысында тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға өзара қызығушылықтарын растады. KOCCA президенті Қазақстанмен кәсіби диалогты кеңейтуге және креативті индустрияларды мемлекеттік қолдау жүйесін қалыптастыру бағытында тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры мен KOCCA арасында ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеп, оған қол қою жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Құжат кино, музыка және креативті индустриялардың өзге де бағыттары бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыруды, креаторларға арналған білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, кәсіби тәжірибе алмасуды, креативті өнімді халықаралық нарықтарға ілгерілету мен экспорттау бағытындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ саланы талдамалық сүйемелдеуді көздейді.
Қордың Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов меморандумға қол қою Қазақстан мен Корея арасындағы креативті индустриялар саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болатынын атап өтті.
«KOCCA тәжірибесі креативті экономиканың тұрақты дамуы тиімді даму институттарын, жүйелі мемлекеттік саясатты және таланттарға ұзақ мерзімді инвестицияларды талап ететінін айқын көрсетеді. Меморандумға қол қою KOCCA-мен өзара іс-қимылды тәжірибе алмасу деңгейінен нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезеңіне шығаруға мүмкіндік береді. Бұл қазақстандық креаторларды даярлауға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және отандық креативті өнімді әлемдік нарықтарға ілгерілетуге жаңа серпін береді», – деді Ерлан Каналимов.
Креативті индустрияларды дамыту қоры халықаралық серіктестікті дамыту, үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу және Қазақстанның креативті экономикасының тұрақты өсіміне жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.