Биылғы жаздың соңғы кештері елордалық көрермендер үшін махаббат пен сағыныш нотасында өтті. «Tarmaqtar» поэзия тетары алғашқы сапарын Астана қаласынан бастады. «Тармақтар» баспасының «Махаббатымды жеткізетін тармақтар» және «Миледи жазған…» атты поэтикалық кітаптарынан бастау алған «Уақыт – үнсіз куәгер» атты қойылымның инсценировкасын Фархад Молдағали жасаған, көркемдік жетекшісі – Еламан Төлеутай, ал режиссері – Серікжан Айтқали. Саунд-драма жанрындағы қойылымда уақыт пен махаббат тоғысып, қазақ ақындарының әсерлі шығармалары мен әуезді әндер үйлесім тапты. Көрермендер әр өлеңнен өзін іздеп, сезім сергелдеңін кейіпкерлермен бірге кешті.
Қазақстандағы тұңғыш поэзия театрының арқалаған жүгі мен келешегі туралы жоба жетекшісі Рысгүл Досжанмен әңгімелестік.
- «Tarmaqtar» бүгінде бірнеше әдеби өнімді біріктірген ауқымды жоба. Барлығы қалай басталды?
- Бірнеше жыл бұрын қазақ әдебиетінің эстетикасын жеткізіп, авторлардың оқырман жүрегіне бірден жететін әсерлі тармақтарын жариялап отыратын instagram парақшасын жүргізіп бастадық. Идея жастардың әдеби сұранысын қанағаттандырсақ, қазақ поэзиясын сауатты түрде насихаттасақ деген ойдан туындады. Дизайн, SMM жұмыстарына назар аударып, ерекше үлгіде ұсындық. Аз уақыттың ішінде оқырмандар саны артып, жоба оқырмандардың қазақ поэзиясына деген қызығушығын оятты. Сол тармақтарды жинақтап, кітап ретінде басып шығардық. Нәтижесі біз күткеннен де жоғары болды. Сұраныс артып, бірнеше рет басылып шыққан кітап бестселлерге айналды. Кейіннен кітаптармызға арнайы QR-код орналастырып, өлеңдердің аудио-нұсқаларын қосып шығардық. Сол сәтте көкейімізге жаңа арман ұялады. Оқырмандарымыздың көрерменге айналғанын қаладық. Сөйтіп, жаңа форматтағы поэзия кештерін өткізе бастадық. Әр кештің үйреншікті әдеби кездесулерге ұқсамауын жіті бақылап, тың ойларымызды орындауға тырыстық. Сол ойлар дами келе, еліміздегі тұңғыш поэтикалық театрдың ашылуына алып келді.
- Қазір әдеби кештерді театрландырып, әншілерді қатыстырып та түрлендіріп өткізуде. Сол әдеби кештерден поэзия тетарының басты айырмашылығы неде?
- Поэзия кештерінен ең үлкен айырмашылығы – кәсіби деңгейде деп айтар едім. Қойылымның әр сәті кәсіби мамандардың еңбегі. бүгінде Қазақстан ғана емес, ТМД елдеріне танымал режиссер Фархад Молдағали инсценировкасын жасады. Оны Серікжан Айтқалидің режиссерлік көзқарасы ұтымды толықтырды. Ақындардың өз өлеңін оқуы бөлек те, сахна тілін жетік меңгерген, дауыс ырғағы қойылған кәсіби актерлердің сезінуі, жеткізуі мүлде бөлек. Актерлік құрам туралы ерекше атап өткім келеді. Театр сахнасында, кино әлемінде түрлі образда көріп жүрсек те, барлық актердің өлең оқығанын жиі көре бермейміз ғой. Сол себепті «Тармақтардың» әр актері кәсібилігінен бөлек, жан дүниесіне сеніп таңдалды. Дархан Сүлейменов, Толқын Нұрбекова, Нұржан Асылхан, Бақытгүл Серікбаева және талабымен тамсантқан басқа да жас актерлерден тұратын колоритті құрам. Жалпы алғанда, әр маманның өз орны бар: режиссер, кәсіби актерлер, жарық қоюшы – барлығының ортақ еңбегі естен кетпес әсер сыйлайды.
- Театрдың басты құрамдас бөлігі – көрермендер туралы сөйлесейікші. Олар кімдер?
- «Тармақтардың» оқырмандарының да, көрермендерінің де негізгі дені – жастар. Біз әуел бастан жастарға жақын болдық, бір толқында жүздік. Өткізген кештерімізде ешкімге шапан жауып, шақырту жібермедік. Әдебиеттегі үйреншікті әдеттерден тыс, жаңа үрдіс қалыптастырғымыз келді. Бізді алғаш таныған да, танымал еткен де – жастар.
- Мәдениет пен әдебиет айналасында түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асып жатыр. Солардың арасында «Тармақтардың» арқалаған жүгі, миссиясы қандай?
- Осы жолға түскендегі түпкілікті ойымыз – поэзияны насихаттау болатын, әлі де солай болып қала бермек. Парақша ретінде қалып қоймай, деңгейі өскенін қаладық. Сол мақсатқа еңбектеніп, жобаны мәдени үрдіске айналдырдық. Осы күнге дейін «Тармақтардың» төрт кітап, екі күнделігі жарыққа шықты. Оның ішінде 200 автордың өлеңдері бар. Бұдан бөлек, «Миледи жазған...» жинағында қазақтың 100 ақын қызының туындылары топтастырылған. Ендігі мақсатымыз – авторларға қаламақы төлеу жағын қарастырғымыз келеді.
- Театрдың болашағы туралы не айтасыз?
- Болашағын – болашақ көрсетеді, әрине. Дегенмен, ойға алған жоспарларымыз да жоқ емес. Бұл жобаның бастауынан бүгінге дейін сеніп келе жатқан жоба серіктесі Тимур Нахипбеков ағамыздың ерекше қолдауын көріп келеміз. Осындай арқамыздан қағып тұрған ағамыздың арқасында_қазір театр тағы бір көлемді жұмысты қолға алып, келесі қойылымға дайындалуда. Ол қазақ поэзиясының жиі назарға ілінбейтін тұстарын қамтитын ерекше поэтикалық қойылым болмақ.
Театр ашсақ деп армандау бір басқа, ал оның әлеміне жалғыз ғана арманға сүйеніп ену қиындығы мен қызығы қатар жүретін үлкен жол екенін түсіндік. Осыған дейін арман-мақсатымызды бойдағы тәуекел орындап берді. Ендігіде бар күш-жігерімізді кәсіби тұрғыдағы деңгейді арттыруға жұмсап, поэзия қойылымдарына ден қоямыз. Кітаптар енді тек жылына бір рет шығарылатын болады.