
Алматыда режиссер Кристина Михайлованың «Өзен түстері» деректі фильмінің Қазақстандағы премьерасы өтті. Туынды QYZQARAS кинофестивалі аясында «Целинный» заманауи мәдениет орталығында көрсетілді.
Фильм фестиваль бағдарламасын ашып, халықаралық премьерадан кейін қазақстандық көрерменге үлкен экранда алғаш рет ұсынылды. Алғашқы көрсетілімге зал толық жиналды. Сеанстан кейін көрермендер фильм авторларымен Q&A форматында кездесті.
«Өзен түстері» Ақсай өзенінің мұздықтардан басталып, далаға дейін созылатын 130 шақырымдық жолын баяндайды. Фильмнің өзегінде өзен бойын мекендеген әйелдердің тағдыры жатыр. Деректі сұхбаттар түс көру көріністерімен, поэтикалық бейнелермен және табиғатты бақылаумен астасады. Ал өзеннің өзі әйел қуатының, жадының және ішкі қозғалыстың көркем метафорасына айналады.
Фильмді түсіруге бес жыл уақыт кеткен. Осы кезеңде шығармашылық топ жүзден астам сұхбат жинап, олардың негізінде Қазақстан әйелдерінің ортақ үні қалыптасқан. Мұндай тәсіл авторларға дәстүрлі деректі бақылау шеңберінен шығып, жеке әңгімелерді өмір, туған жер және адам төзімділігі туралы кеңірек ой-толғауға ұластыруға мүмкіндік берді.
«Өзен түстерінің» халықаралық премьерасы Берлин халықаралық кинофестивалінде өтіп, фильм экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды. Кристина Михайлова жобаның режиссері, продюсері және суретшісі ретінде еңбек етті. Фильмнің продюсері – Дана Сабитова.
Көрермен қызығушылығының жоғары болуына байланысты ұйымдастырушылар қосымша көрсетілімдер енгізді. Келесі сеанс 31 тамыз күні сағат 19:00-де «Арман» кинотеатрында өтеді. Көрсетілімнен кейін режиссер және фильмге қатысқан актрисалармен кездесу ұйымдастырылады.