
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Креативті индустрияларды дамыту қоры ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған жаңа жобаны жүзеге асырды. Қор жанынан құрылған Qazaq Creative Production музыкалық лейблі Key Entertainment компаниясының Key Distribution Services бөлімімен серіктестікте өзінің алғашқы музыкалық релизін жарыққа шығарды.
Жоба аясында қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 10 таңдаулы күйі заманауи дыбыс сапасында қайта жазылып, бір альбомға топтастырылды. Альбом бүгінде Spotify, Apple Music, Яндекс Музыка және өзге де жетекші цифрлық музыкалық платформаларда қолжетімді.
Бұл бастама қазақтың дәстүрлі күй өнерін әлемдік цифрлық кеңістікке шығарып, ұлттық музыкалық мұраны халықаралық аудиторияға кеңінен танытуға бағытталған маңызды жоба болып табылады.