Президентке 8 тілдегі Qazaq Culture бірегей платформасы таныстырылды

Президентке 8 тілдегі Qazaq Culture бірегей платформасы таныстырылды

Мемлекет басшысы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады. Президентке бір жылдағы негізгі мәдени жетістіктер, министрліктің 2024 жылы жүзеге асырған шаралары, сондай-ақ ведомствоның келесі жылға арналған жоспарлары туралы баяндалды.

Аида Балаева отандық өнердің алғаш рет әлемге әйгілі өнер алаңдарында: Венеция биенналесінде, Гиме азиялық өнер мұражайында ұсынылғанын айтты. Қазақстанның баспа өнімдері әлемдегі ең ірі Франкфурт кітап жәрмеңкесінде көрсетілді.

«Елдің тарихын, мәдениетін және дәстүрін ілгерілету тұрғысынан маңызды жоба сегіз тілдегі Qazaq сulture ақпараттық-ағартушылық платформасын іске қосу болды. Сондай-ақ Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаттары жарқын мәдени-бұқаралық шараға айналды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің заң шығару саласындағы жұмысы туралы баяндалды. 2024 жылы Қазақстанда журналист мәртебесін арттыруға бағытталған БАҚ туралы жаңа заң қабылданды. Парламентте «Қазақфильм» киностудиясын тікелей қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған заңнамаға түзетулер қаралуда, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Сонымен қатар, Президентке волонтерлік қозғалысты дамытуды қолдау туралы хабарланды. Министрдің айтуынша, 2022 жылмен салыстырғанда белсенді еріктілер саны 240 мың адамға дейін артқан. Жыл сайын 50-ден астам волонтерлік жоба жүзеге асырылуда, 7 қазақстандық ерікті БҰҰ құрылымдарына жіберілді.

Биыл креативті индустрияларды қолдау шараларының топтамасы әзірленді, оған Креативті индустриялар қорын құру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту кіреді. Креативті индустрия субъектілері үшін арнайы салық режимі енгізілді. Жыл басынан бері елде 10 креативті орталық пен хаб ашылды.

Президент келесі жылдың мерейтойлық күндері мен маңызды оқиғаларына, атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне дайындық барысын ерекше бақылауға алуды тапсырды.


307
29.11.2024