
Балет сахнасы көрерменге ертегідей әсер қалдырады. Қалықтаған секіріс, мінсіз қимыл, жарқыраған шамдар мен салтанатты музыка. Алайда осынау әсемдіктің ар жағында күн сайынғы тынымсыз еңбек, жарақат пен ешбір босаңсуды көтермейтін қатаң тәртіп жатыр.
Сұхбатымыздың кейіпкері – балет әртісі, «Астана Опера» театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Серік Нақыспеков. Ол сахна сыртындағы осы ауыр еңбектің бар салмағын жақсы біледі.
Шағын қалада өнерге құштар болып өскен баладан күрделі драмалық әрі характерлі партияларды еркін меңгерген шебер әртіске дейін жеткен Серіктің шығармашылық тағдыры бір ақиқатты аңғартса керек. Нағыз шеберлік қайсар мінез бен өнерге деген шынайы сүйіспеншілік ұштасқанда туады. Ашық әңгімеде ол балет әлемінің көпшілікке беймәлім қырлары, сан алуан кейіпкердің жан дүниесін сахнада сезініп, сомдау жауапкершілігі және әр қойылым алдында жүректі толқытатын ерекше сезім туралы әңгімелейді.
– Серік, қай өңірдің тумасысыз? Балетке қалай келдіңіз?
– Мен шағын Сарқан қаласынанмын. Ата-анамның өнерге еш қатысы болған жоқ, Анам банкте жұмыс істеді, әкем сантехник болды. Бірақ тағдырдың жазуымен мен де, туған қарындасым да шығармашылықты таңдадық. Бала күнімде болашақта белгілі балет әртісі боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейтін.
Алматыда қарапайым мектепте оқыдым. Кейін А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне кездейсоқ түсіп кеттім деуге болады. Суретті жақсы салатынмын, сондықтан әкем мені көркемөнер саласына беруді ойлаған. Бір күні ол хореографиялық училищеге қабылдау жүріп жатқаны туралы хабарландыруды көріп, мені сонда алып барды. Сөйтіп, оқуға қабылдандым. Ол кезде қыздар арасында бәсеке өте жоғары болатын да, ұл балалар жетіспейтін.
Шынымды айтсам, алғашқы үш жыл маған өте қиын тиді. Не істеп жүргенімді өзім де толық түсінбейтінмін. Күні бойы созылатын ауыр дайындықтар қажытатын. Кейін біртіндеп бой үйрете бастадым. Бұған училище ішіндегі бір байқау ерекше әсер етті. Сол жерде нөмірімді өте сәтті орындадым. Осы жетістік маған үлкен серпін берді.
Училищеден кейін А.Я. Ваганова атындағы Орыс балеті академиясында білімімді жалғастырдым. Бұл мүлде басқа деңгей еді. Өйткені академия әлемдегі ең беделді хореографиялық оқу орындарының бірі саналады.
– Балеттегі шығармашылық жолыңызда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
– Он алты халықаралық байқауға қатысып, соның он төртінде жүлделі орын алдым. «Спартак», «Шехеразада», «Аққу көлі», «Щелкунчик» және басқа да қойылымдарда партиялар орындадым. Түрлі елдерде көп өнер көрсеттім. Әлемді көрдім, өзге мәдениеттермен таныстым, шетелдік әртістермен араластым. Мұның бәрі маған үлкен жігер берді.
Мен үшін ең беделді байқаулардың бірі – төрт жылда бір рет Үлкен театр сахнасында өтетін Мәскеу халықаралық балет әртістері байқауы. Оған алғаш қатысқанымда сәтсіз өнер көрсеттім. Екінші рет барғанда мұның соңғы мүмкіндігім екенін түсіндім. Сондықтан барымды салуға тиіс болдым.
Сол байқауға аяғымдағы жарақатым толық жазылмай бардым. Жарақат ауыр еді, бірнеше ай бойы жанымды қинаған ауырсынумен жүрдім. Соған қарамастан, өнер көрсетуім сәтті өтті. Байқауға қатысып, дипломант атануым кәсіби тұрғыдан мен үшін баға жетпес тәжірибе болды.
– Әртіс ретінде қалыптасу кезеңінде қандай қиындықтар кездесті?
– Ең алдымен, жарақат. Балетте одан толық қашып құтыла алмайсың. Әртістің денесіне орасан күш түседі. Күн сайынғы жаттығудың өзі оңай емес.
Оған қоса, шетелдік көрерменнің алдында өнер көрсетіп, Қазақстанның атынан шығу да психологиялық тұрғыдан үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл – бір жағынан зор мәртебе, екінші жағынан үлкен міндет.
Алғашқы байқауларға қатысқан кездерді еске алсам, кейде қаржы жағынан да қиындық болатын. Тіпті мені жарысқа жіберу үшін ата-анамның кейбір заттарын сатуға тура келген кездер болды. Қазір мемлекет тарапынан қолдау жүйесі әлдеқайда жақсы жолға қойылған. Ол уақытта мұндай мүмкіндік аз еді.
Кейіпкер бейнесіне ену де оңай емес. Оның мінезін тек қимылмен емес, бет әлпетіңмен, дене қалпыңмен, тұтас пластикаңмен жеткізуің керек. Ақырында бәрі мінсіз үйлесуі тиіс. Көрермен театрдан жай ғана спектакль көріп шықпай, алған әсерін өзімен бірге ала кетсе дейсің. Тіпті ертеңіне оянғанда да кешегі қуанышты, мұңды, жанашырлықты немесе ауыр сезімді есіне түсірсе – әртіс үшін үлкен нәтиже сол.
– Өмірлік және кәсіби тәжірибеңізге сүйенсек, адам өз мақсатына жету үшін не істеуі керек?
– Ең алдымен, өзіңе шын ұнайтын істі табу қажет. Сонда ықылас та, өсу де, нәтиже де болады.
Қиындық кез келген мамандықта кездеседі. Онсыз адам өспейді. Кедергілерді жеңген сайын алға ұмтылуға деген құлшыныс артады.
Еңбекқор болу керек. Тәуекелден қорықпау керек. Қанша қиын болса да, тоқтамай алға ұмтылу қажет. Сонда адам біртіндеп ой-өрісі жағынан да, кәсіби тұрғыдан да өсіп, шыңдала береді.