
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Абай» операсының премьерасы сахналанды.
Мұхтар Әуезовтің либреттосы негізінде Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің музыкасына жазылған төрт актілі, бес көріністен тұратын туындыны вокалдық өнер кафедрасының студенттері орындады. Қойылым қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлері Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Қаукен Кенжетаев және Ермек Серкебаевтың мерейтойларына арналды.
«Абай» операсы – қазақ музыка өнерінің алтын қорындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Операда Абай Құнанбайұлының болмысы қазақтың төл музыкалық дәстүрі мен классикалық опера өнерінің үйлесімі арқылы айшықталады.
Қойылым вокалдық өнер кафедрасы студенттерінің қатысуымен рояль сүйемелдеуімен өтті. Премьера қазақ вокал мектебінің дәстүрін жалғастырып, жас орындаушыларға ұлттық опера өнерінің жауһар туындыларының бірін көпшілікке ұсынуға мүмкіндік берді.