
13 наурыз күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «BIRLIK» ансамблінің «Өмір – қазына» атты хореографиялық спектакль-концерті өтеді.
Жаңа қойылым қазақ мәдениетіндегі әйел образын сахналық тұрғыдан зерделеп, өмір жолының негізгі кезеңдерін би, музыка және сахналық әрекет тілі арқылы бейнелейді. Концерттік бағдарламаның арқауында – ұрпақтар сабақтастығы, рухани жады және адам өмірінің құндылығы тақырыптары жатыр.
Бағдарламаға «Дүниеге келу», «Кіндік кесу», «Шілдехана», «Махаббат сахнасы», «Құда түсу», «Сәукеле. Қалыңдық. Қыз жасауы», «Қыз ұзату», «Той. Беташар», «Май құю. Сәлем салу», «Ақсақал батасы», «Қоштасу. Аққу», «Мәңгілік», «Жер-Ана» және басқа да хореографиялық композициялар енген.
Концертте музыкалық сүйемелдеуді Қазақ мемлекеттік «Astana sazy» фольклорлық ансамблі қамтамасыз етеді. Сонымен қатар шараға «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі мен «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры қатысады.
Қойылым дәстүрлі мәдениеттегі әйелдің орнын ашып көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрлерді, музыкалық мұраны және хореографиялық өнерді біртұтас сахналық кеңістікте тоғыстырады. Көрерменге көркем образдар арқылы кейіпкердің туған сәтінен мәңгілікке дейінгі жолы ұсынылады.
«BIRLIK» ансамблі әлем халықтарының билерін жанды аспаптық сүйемелдеумен кәсіби деңгейде орындайтын интернационалдық шығармашылық ұжым ретінде құрылған. Сондай-ақ оның басты мақсаттарының бірі – жас ұрпақты түрлі этностардың мәдениетімен таныстыру.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Әнел Марабаева. Оның репертуарында мәдени мұраның байлығын танытатын 30-ға жуық халық биі бар. Өнерпаздың шығармашылық жолында Қазақстанның жетекші сахналарындағы және шетелдегі, соның ішінде Вашингтон мен Нью-Йорктегі өнер көрсетулері айрықша орын алады.