Оны Өскеменді Шығыс Қазақстанның креативті индустрия орталығына айналдыра білген «феномен-адам» деп атайды. Этнодизайнер, суретші, AyaVostok брендінің және Oskemen Creative, The Third Place креативті алаңдарының негізін қалаушысы, киізден жасалған бірегей бұйымдардың авторы және қоғам қайраткері — Аяжан Қайырханқызы соңғы жылдары өнерді, дәстүрді және бизнесті біртұтас экожүйеге біріктірді. QazaqCulture редакциясы онымен киіздің қалай заманауи өнердің символына айналғаны, неліктен креативті индустрияның болашақ экономикасы екені және «Өскеменнің жылы жүрегі» жобасының мәні туралы әңгімелесті.
Аяжан, жақында «Өскеменнің жылы жүрегі» атты бірлескен арт-жобаны таныстырдыңыз. Идеясы қандай?
— Бұл жоба қаламызды әйел көзқарасымен, үй мен табиғаттың жылуы арқылы жаңа қырынан көрсету ниетінен туындады. Суретші Елена Уткинамен бірге киіз бен кескіндемені біріктірдік. Киіз — даланың тұрақтылығы мен жайлылығының символы, ал кескіндеме — ішкі әлемнің айнасы. Екеуі бірігіп, өткен мен бүгіннің арасындағы диалогты қалыптастырады. Мен үшін «Өскеменнің жылы жүрегі» — туған жерге, отбасыға, мәдениет пен табиғатқа деген махаббатымды білдіру.
Киізден жасалған туындыларыңыз аймақтан тыс жерлерге де танымал. Ел Президентінің инаугурациясына, «Бәйтерек» қорына, музейлерге арнап кілемдер жасадыңыз. Киізге қалай келдіңіз?
— Бұл отбасының мұрасы деп ойлаймын. Әжем киіз басу және тігін тігудің шебері болды, ал атам — ұста. Мен бала кезімнен қолмен жасалған бұйымдардың бойынан шыққан жылу мен энергияны көріп өстім. 2008 жылы алғашқы жеке кәсіпкерлігімді тіркеп, осы салада жұмыс істей бастадым. Мен үшін киіз — жай ғана материал емес, мәдениеттің тірі жаны.
Киіз Сіздің сүйікті ісіңіз болғанымен, өңірдегі мәдениетті дамытумен де айналысасыз. «Oskemen Creative» жобасы қалай пайда болды?
— Өскеменге оралғанда, ешкімнің «креативті индустрия» дегеннің не екенін білмейтінін түсіндім. Бірақ Президенттің осы бағытты 2025 жылға дейін дамыту туралы Жарлығы бар болатын. Маған бұл ұғымды халық арасына біртіндеп енгізуге тура келді. 2023 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан кеңес құрдық, ал бір жылдан кейін «Oskemen Creative» мемлекеттік кәсіпорынын тіркедік. Біздің идеямыз қарапайым болды: шашыраңқы бастамалардың барлығын бір жүйеге жинау. Бүгінде бізде жүзден астам резидент, бірқатар маңызды фестиваль, арт-жобалар, ашық аспан астында кино көрсетілімдері, білім беру бағдарламалары, сондай-ақ инвесторлар алдында жобаларды таныстыру, қорғау шаралары бар.
Неліктен өзіңізді «бірінші феномені» деп атайсыз? Бұл нені білдіреді?
— Аймақтағы көптеген нәрселерді алғаш рет мен жасадым: креатив саласындағы алғашқы қайырымдылық аукционы, шығармашылық туралы алғашқы жүйелі подкасттар, халықаралық кинофестиваль бойынша алғашқы ұсыныстар, мыңдаған киіз шарлардан жасалған «Достық кілемі», ашық аспан астында кино көрсетілімдері бар фестивальдар. Мен «бірінші болу» туралы ойлаған жоқпын. Мен жай ғана жұмыс істеп, жаңа формаларды іздедім. Бірақ бүгін осы «алғашқы қадамдар» нәтижесі қала үшін маңызды болғанын түсінемін. Және бұған қатысым барына мақтанамын.
Сіздің «Креативті квартал» жобаңыз да бар, Ертіс жағасында кинофестиваль өткізу туралы да айтасыз. Қалаға мұндай бастамалар не үшін қажет?
— Өйткені олар қаланың болмысын өзгертеді. Өскемен әрдайым өнеркәсіп орталығы ретінде қабылданатын. Бірақ креативті индустрия біздің тек зауыттар қаласы ғана емес, сонымен қатар идеялар, өнер, шабыт қаласы бола алатынымызды көрсетті. Жастар қалада кино, арт-кеңістіктер, фестивальдар бар екенін көргенде, қалада қалып, жобалар жасайды. Ал бизнес үшін бұл — туризм, имидж, жаңа жұмыс орындары сияқты жаңа мүмкіндіктер. Креативті индустрия — болашақтың экономикасы.
Өскемен бүгінде өзінің әдеттегі индустриялық және өнеркәсіптік қала бейнесінен біртіндеп шығып, Қазақстанның креативті орталығына айналып келеді. Бұл ойлаудағы нағыз бетбұрыс: тұрғындар өздерін тек металлургия арқылы емес, сонымен қатар өнер арқылы да тани бастады. Жаңа кезеңнің символының бірі «Шілікті жұлдызы» креаторлар аллеясы болуы мүмкін — бұл жоба әлі талқылау сатысында, бірақ үлкен қызығушылық тудырып отыр. Оның үстіне, дәл осы бастама Ертіс пен Үлбі жағасында кинофестиваль өткізу идеясына шабыт берді. Неге болмасқа? Бұл тарихты Каннмен салыстыруға болады: француз қаласы мен біздің Өскеменнің ұқсас жолы бар — жергілікті орталықтан халықаралық мәдени алаңға дейін.
Сіздің жаңа «The Third Place» жобаңыз «Oskemen Creative»-тің жалғасы болды. Бұл қандай кеңістік?
— Бұл адам өміріндегі «үшінші орын». Біріншісі — үй, екіншісі — жұмыс, ал үшіншісі — шығармашылықпен айналысып, араласып, дами алатын кеңістік. Бұл аймақ үшін үлкен жаңалық. Біз онда алғашқы қайырымдылық аукционын өткіздік және үнемі көрмелер, шағын галереялар, арт-кештер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мен үшін креативті индустрия элитарлы емес, әркімге қолжетімді болғаны маңызды.
Сіздің тарихыңыз — жеке шығармашылықтың тұтас индустрияның қозғаушы күші бола алатынының үлгісі. Өзіңіздің басты жетістігіңіз деп нені санайсыз?
— Мүмкін, креативті индустрияның абстрактілі сөз емес, адамдарды біріктіретін, жұмыс орындарын құратын, ойлауды өзгертетін нақты күш екенін көрсете алғаным болар. Туған қалама оралып, оған жаңа энергия әкеле алғаныма қуаныштымын. Және тағы бір нәрсе: мен өңірге жаңа тіл — заманауи өнер, кино, сән, дәстүр тілін бердім. Бұл біз әлеммен сөйлесетін тіл.
Сонымен қатар, мен жергілікті бірегейлікті (киіз, тарих, мәдениет) заманауи форматтармен (подкаст, кино, фестиваль, арт-кеңістік) біріктіргеніме мақтанамын. Бұл аймақтың бірегей ДНҚ-сына айналды.
Қорқыныш болды ма? Сіз үшін «қорқынышты жерге бару керек» деген сөздің мағынасы қандай?
— Бұл менің ұстанымым. Егер қорқынышты болса — демек, ол жерде даму бар. Мен бастағанда, «креативті индустрия» деген сөзге ешкім сенбеді. Бірақ болашақ дәл сол жерде екен. Мен «феномен» болуды мақсат етпедім, мен тек өзім сенген нәрсені істедім. Бүгін бұның бәрі бекер болмағанын көріп отырмын.
Мен креативті индустрияның — экономика, жұмыс орындары, имидж, туризм және туған қаламның жаңа болмысы екенін көрсеттім.