Мария Мудряк «Богемаға» қайта оралады

Мария Мудряк «Богемаға» қайта оралады

Мими партиясы Мария Мудряктың шығармашылық жолына он жылға жуық уақыттан бері серік болып келеді. Сопрано дауысты қазақстандық әнші бұл партияны алғаш рет 21 жасында Италияда орындады. Ол кезде бірнеше рөлді сомдап, сахнадағы алғашқы қадамдарын жасап үлгерген еді. Содан бері Джакомо Пуччинидің «Богема» операсындағы Мими бейнесіне түрлі сахнада, сан алуан қойылым мен режиссерлік шешім аясында қайта оралып, кейіпкерді әр жолы жаңа қырынан танып келеді.

Бүгінде Мария Мудряк арада жылдар өткен соң Мимиді мүлде басқаша қабылдайтынын айтады. Кезінде күнделікті тіршіліктің қарапайым қуаныштарына шаттана білетін романтик қыз әншіге ерекше жақын болса, енді ол осы бейненің ең алдымен ішкі қайратын – өмір сүруге әрі сүюге құштар әйелдің беріктігін көреді.

20 қыркүйекте Мария Мудряк «Астана Опера» сахнасында Мими партиясын тағы да орындайды. Бұл – әншінің шығармашылық жолында айрықша орны бар кейіпкермен тағы бір сахналық жүздесуі.

– Иә, мен бұл партиямен алғаш рет Италияда сахнаға шықтым. Ол кезде 21 жаста едім. Бұған дейін бірнеше рөл орындап, сахнадағы алғашқы қадамдарымды жасап үлгергенмін. Дегенмен, Мими мен үшін қашанда айрықша партия болды. Меніңше, мұның сыры ең алдымен Пуччинидің музыкасында әрі сол кезде әлі тым жас болған маған соншалық жақын, түсінікті көрінген осы бір «қарапайым» кейіпкердің болмысында жатыр, – дейді Мария Мудряк. – Әрине, Мимиді талай сахнада, түрлі режиссердің қойылымында сомдаған сайын оның бейнесі де өзгеріп отырды... Енді дебютімнен бері он жыл өткенде, өмірлік тәжірибе жинаған соң, бұл кейіпкерді мүлде басқаша түсінемін. Сондықтан оның тұлғасын барынша көпқырлы етіп ашқым келеді. Ол – болмысы қарапайым, жаны романтикаға толы, тіршіліктің болмашы сәттерінен де қуаныш тауып, тамсана білетін жан. Сонымен бірге оның бойында үлкен қайрат бар. Ең алдымен, Мими – өмір сүргісі, сүйгісі келетін әйел.

Спектакльде Мария Мудрякпен бірге опера труппасының жетекші солистері өнер көрсетеді. Қойылымға театр оркестрі, хоры, мимансы және балалар хоры қатысады. 19 қыркүйекте Мими партиясын Мадина Исламова орындайды. Мария Мудряк «Астана Операдағы» әріптестерімен бірлесе жұмыс істеу өзіне қашанда қуаныш пен шабыт сыйлайтынын ерекше ықыласпен айтады.

– «Астана Операдағы» әріптестеріммен жұмыс істеу мен үшін әрдайым үлкен қуаныш! Бұл жолы өзім аса қадірлейтін әрі құрметтейтін әртіс, досым Талғат Мұсабаевпен бірге өнер көрсетемін. Онымен жұмыс істеу – бір ғанибет! Сондай-ақ тенор Жан Тапинмен де сахнаға шығамын. Біз бұған дейінгі «Богема» қойылымына бірге дайындалған едік. Онымен қайтадан бірге ән айтуға қуаныштымын!

Әншінің айтуынша, кез келген қойылымның табысы ең алдымен сахнадағы шығармашылық үндестікке байланысты.

– Мен үшін шығармашылық үндестік – бәрінен маңызды! Спектакль – әрқашан ұжымдық еңбек. Мұнда әр адамның үлесі маңызды. Сахнада бәріміз бір деммен өмір сүргенде ғана ғажайып туады. «Астана Операда» мұндай үндестік бар! – дейді әнші.

Қоюшы дирижер Джузеппе Акуавива жетекшілік ететін спектакльге «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның костюмдері мен Винченцо Рапонидің жарық шешімі айрықша көрік береді. Осындай шығармашылық үйлесім елорда көрерменіне әсерлі опера кешін сыйламақ.

Операның сюжетін Джакомо Пуччини Анри Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» романынан алған. Туынды Парижде жоқшылықпен күн кешсе де, шығармашылық жігері сарқылмаған төрт достың – ақын Рудольф, суретші Марсель, музыкант Шонар мен философ Колленнің өмірін баяндайды. Жоқшылық олардың қыр соңынан қалмайды, алайда күнделікті тіршіліктеріне нәр берген қуаныш пен поэзияның, махаббаттың сәулесін өшіре алмайды.

Композитор опера музыкасын небәрі сегіз айда жазған. 1896 жылы жас Артуро Тосканинидің жетекшілігімен алғаш рет орындалған туынды содан бері миллиондаған көрерменнің жүрегін баурап келеді. «Астана Операдағы» қойылымда режиссер Андреа Бернард пен сценограф Эцио Фриджерио бұл хикаяны көркемдік ауқымы кең сахналық көрініске айналдырған. Екі деңгейлі декорация, сахнаға кіріп келетін пойыз және мерекелік көріністе цирк трюктерін орындайтын әртістер көпке таныс операны жанды әрі серпінді етеді.

«Богеманы» «Астана Опера» сахнасынан 19 және 20 қыркүйекте тамашалауға болады. Алғашқы кеште Мими партиясын Мадина Исламова орындаса, 20 қыркүйекте Мария Мудряк елорда сахнасына өзіне етене жақын рөлдердің бірімен шығады.

Мария Мудряк үшін бұл – Пуччини кейіпкерімен айрықша жүздесу. Мими партиясындағы дебютінен бері он жылға жуық уақыт өткенде, ол осы бейнеге мол өмірлік әрі сахналық тәжірибемен қайта оралып отыр. Бүгінде әнші Мимиді нәзіктік пен қайсарлық тоғысқан, өмір сүруге және сүюге құштар көпқырлы әйел ретінде көреді.

Қойылымдар сағат 17:00-де басталады.

233
11.09.2026