Ол алғашқы әшекей бұйымдарын бала кезінен бастап жасаған. Бұл – анасы мен әжесіне арнап алюминийден жасалған білезіктер мен сырғалар еді. Ал қазір оның туындыларын Иорданияның патшайымы Рания әл-Абдалла тағатын болды. Әңгімеміз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық деңгейдегі Карл Фаберже атындағы орден иегері Берік Әлібай туралы. Әйгілі зергер және реставратор бізге өмірлік жолы мен шығармашылығы жайында айтып берді.
– Берік мырза, алғашқы әшекейіңізді қашан жасадыңыз? Бұл қандай бұйым еді?
– Ол кезде менің жасым 7-8 шамасында болатын. Атам Әлібай бүкіл ауылға танымал ұста еді. Қазақстанның оңтүстігіндегі шағын ауылымыздың тұрғындары оның жасаған әшекейлерін тағатын. Мен сағаттап оның шеберханасында отырып, жасаған жұмыстарына қызыға қарап отыратын едім. Кейін өзім де машықтана бастадым. Алғашқы бұйымдарым – анама және әжеме арналған алюминийден жасалған сақиналар мен білезіктер болды. Бірақ ол кезде ұстаның жолын қуамын деген ой болмады – мен суретші болуды армандадым. Арман қуып Алматыға оқуға келдім. Қабылдау комиссиясында металл өңдеу мамандығы бар екенін біліп, таңдауымды соған жасадым.
– Сіздің кәсіби қызметіңіздің басталуы 80–90-жылдарға сәйкес келді. Сол кезең туралы айтып өтсеңіз.
– Оқуды аяқтаған соң, студенттік достарыммен алғашқы шеберханамды аштық. Ісіміз жақсы жүрді. Нарықта бәсекелестік аз болатын. Сол кезде «Алматы зергерлік зауыты» секілді ірі кәсіпорын ғана жұмыс істейтін. Кеңес Одағы тарағаннан кейін жекеменшік шеберханалар үшін жаңа кезең басталды – бізге асыл металдармен жұмыс істеуге рұқсат берілді. Сұраныс жоғары еді. Сол жылдары Мәскеу мен Ленинград негізгі тапсырыс берушілер болды. Бұл қалаларға қазақтың ұлттық әшекейлерінің ірі партиялары жөнелтіліп отырды. Ал 1991 жылы біз алғаш рет ерекше мемлекеттік тапсырыс алдық – Қазақстан Республикасы Президентінің инаугурациялық төсбелгісін жасадық.
– 2016 жылы Иорданияның Тәуелсіздік күніне арналған 70 жылдық мерекесінде патшайым Рания сіз жасаған бойтұмарды тағып шықты. Бұл туралы айтып берсеңіз.
– Иә, бұл рас. Әрине, патшайым менімен тікелей байланысқа шыққан жоқ. Менде бұйымдарды сыйлыққа беретін тұрақты тапсырыс берушілерім көп. Солардың бірі мен жасаған бойтұмарды патшайымға сыйға тартуы мүмкін. Кейін ол менің басқа да жұмыстарымды – бесбілезік пен өзге әшекейлерімді тағып жүрген. Осыдан кейін қазақ ұлттық әшекейлеріне деген сұраныс айтарлықтай артты. Бабаларымыз бізге баға жетпес мұра қалдырды. Біз сол мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, бүкіл әлемге көрсетуіміз керек. Әрине, уақыт өзгеріп жатыр, зергерлік бұйымдар жасау технологиясы да дамып келеді. Бірақ біздің еңбегіміздің негізі – XVII–XVIII ғасырлардағы шеберлердің дәстүрі. Ол зергерлік өнер әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда ол тіпті сәнге айналды.
– Сіздің ойыңызша, неге қазақтың ұлттық әшекейлері соншалықты танымал?
– Қазақ зергерлік өнері тек сән-салтанатымен емес, терең мағынасы және символикасымен де ерекшеленеді. Әр әшекейдің өзіндік тарихы мен қасиетті мәні бар. Олар жай ғана әшекей емес, көбінесе тұмар, қорғаныш қызметін атқарған. Адамның қандай әшекей таққанына қарап, оның әлеуметтік жағдайын, руын, отбасылық мәртебесін білуге болатын. Сонымен қатар, қолмен жасалған бұйымдар қашанда жоғары бағаланады. Өзім туған ауылда 60–70 үй болса, сол жерден шыққан 30-дан астам зергер бар. Ағайын-туыстарымның көбі – зергер. Ұлым да осы кәсіпті жалғастырып келеді. Айтпақшы, «Зергер өнері – жер бетінде бір әйел тірі жүргенше өлмейді» деген сөз бар.
– Сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті. Ірі өндіріс ашу туралы ой болған жоқ па?
– Жаппай сату мені ешқашан қызықтырған емес. Қазір де жеке тапсырыстарды сирек қабылдаймын. Миллион табу мақсаты болған емес. Менің басты мақсатым – ұлттық мәдениет пен тарихты сақтау ісіне үлес қосу. 30 жылдан астам уақыт музей қорында реставратор болып еңбек еттім. Сол кезеңде шығармашылықпен де айналысып жүрдім. Көптеген әшекей бұйымдарымды өзімнің жеке музейімде жинақтадым. Бұл музей туристер арасында өте танымал. Айта кетейін, мұнда тек әшекейлер емес, бағалы тастар мен металдардан жасалған зергерлік бұйымдар (тұмарлар, білезіктер, сақиналар), сонымен қатар көшпелілердің дәстүрлі киіз үйі, ұлттық киім, аяқ киім, бас киім, кілем мен тұрмыстық заттар да бар. Бұлардың барлығын мен бірнеше ондаған жыл бойы жинадым. Бірін сатып алдым, бірін халық өзі әкеліп сатты. Мен тарихы бар заттарды қадірлеймін және оларды келер ұрпаққа, болашаққа жеткізгім келеді. Адамның тамыры – оның жанын нәрлендіреді. Өз тарихыңды білу, халқыңды сүю және адал еңбек ету – табыстың басты сыры.