
Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында өтіп жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы аясында 18-19 шілде күндері ұйымдастырылған Ұлытау облысының «Алтын Орданың мұрасы» атты креативті жәрмеңкесіне белгілі айтыскер ақын, қазақтың суырып салма айтыс өнерінің көрнекті өкілі, ғалым Аманжол Әлтай арнайы қатысып, өңір шеберлерінің шығармашылығымен танысты.
Көрмені аралаған Аманжол Әлтай Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын дәріптейтін ұлттық қолөнер туындыларына жоғары бағаберіп, әр өңірдің өзіндік ерекшелігі мен мәдени болмысы ұлттық құндылықтардың ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
«Ұлт бір болғанымен, әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар. Ұлытау өңірінің де басқа аймақтардан дараланып тұратын қырлары өте көп. Темірден түйін түйген ұсталарымыздың, ағаш шеберлерінің еңбегі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнерінің заңды жалғасы. Осындай шеберлердің қолынан шыққан бірегей дүниелер бүгінгі күні жаңаша сипат алып, заман талабына сай дамып келеді. Ұлытау - қазақтың киелі мекені, ұлт тарихының алтын бесігі. Елорда төріне арнайы келіп, ұлттық мұрамызды кеңінен насихаттап жатқан жерлестерімізге ризашылығымды білдіремін», - деді Аманжол Әлтай.
Жәрмеңкеге Ұлытау облысынан келген 60-қа жуық креатор – қолөнершілер, зергерлер, дизайнерлер мен шығармашылық сала өкілдері қатысты. Олар ұлттық нақыштағы авторлық бұйымдарын, сәндік-қолданбалы өнер туындыларын, этно-дизайн үлгілерін және өңірдің мәдени ерекшелігін айшықтайтын бірегей өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Сонымен қатар келушілер үшін былғары өңдеу, ағаш ою, ұсталықөнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, дәстүрлі қолөнердің қыр-сыры кеңінен насихатталды.
Creative Aimaq республикалық жобасы өңірлік креативті индустрияны дамытуға, шығармашылық кәсіпкерлерді қолдауға, қазақстандық креативті брендтердің танымалдығын арттыруға жәнеұлттық мәдени мұраны кеңінен дәріптеуге бағытталған тиімді алаң екенінтағы бір мәрте дәлелдеді.
Жоба аясында жыл соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінің креативті әлеуеті, мәдени ерекшелігі мен бірегей өнімдері елорда тұрғындары мен қонақтарына кезең-кезеңімен таныстырылатын болады.