Экспозиция рухани практикалардың, мистиканың және заманауи көркем тілдің синтезінің жарқын демонстрациясы болып табылады. Ғарыш энергиясы мен мандалалардың символизміне толы Мелиса Озгюрдің жұмыстары көрермен үшін ішкі әлемнің тереңдігін ашады және Әлемнің шексіз кеңістігіне саяхатқа шақырады.
«Мен үшін шығармашылық - бұл өзін-өзі көрсетудің керемет тәсілі. Өзімді есімнен танығалы бері сурет салуды жақсы көрдім. Бала кезімде ойларым мен сезімдерімді сөзбен жеткізе алмаған кезде қолыма қағаз бен қарындаш алатынмын. Алайда мамандық таңдауда ата-анам маған әдеттегі және тұрақты нәрсені таңдауымды талап етті. Университетте оқып, олардың қалауы бойынша медициналық білім алғаннан кейін, енді өзіме ұнайтын нәрсені жасағым келетінін айттым. Мен шығармашылықтан өз жолымды таптым. Менің көрмелерім қазір Түркиядан тыс жерлерде өтіп, көрермендердің мойындауына ие болып жатқанына өте қуаныштымын», - деп атап өтті Мелиса Озгюр.
Мелиса Озгюрдің шығармашылығындағы басты мотив - космостың шексіздігін және адамның ішкі үйлесімін көрсететін ежелгі символдық бейне - мандала. Оның жұмыстарында мандала жай ғана геометриялық фигура емес, энергиямен соғып тұрған тірі ағзаға айналады. Мандаладағы әрбір элемент - ішкі үйлесімділікке, әлемдегі өз орнын түсінуге қарай жасалған қадам.
Суретшінің шығармашылығындағы түс маңызды рөл атқарады. Ашық, қанық реңктер эмоционалды күйлерді жеткізеді, ал жұмсақ және тұншыққан реңктер медитация мен тыныштық атмосферасын жасайды.
«Мүмкін, сіз менің жұмыстарымның түстерінің алуан түрлілігімен ерекшеленетінін байқаған шығарсыз. Менің ойымша, түстер біздің өмірімізге энергия әкеледі. Негізінен, мен симметрия жасау үшін әртүрлі геометриялық фигураларды қолданамын. Алайда жұмыстарда күтпеген элементтерді де кездестіруге болады. Мысалы, мен үшін кедергілерді жеңуге және өмір ағынында тыныш жүзуге батылдықтың символы болып табылатын балықтар. Олар мені, жан дүниемнің жағдайын сипаттайды деуге болады», - деді суретші.
Суретші еуропалық абстракциядан да, түрік және шығыс мистикалық дәстүрлерінен де шабыт алады. Оның шығармашылығында батыс және шығыс дәстүрлері үйлеседі. Мелиса Озгюр жай ғана көру образын емес, әркім өз мәнін тауып, болмыстың мәңгілік сұрақтарына жауап таба алатын ой жүгірту кеңістігін жасауға ұмтылады.
«Мандалаларда осы әлемнің барлық тазалығы көрініс тапқан. Оларға қараған адамды тазартады деп сенемін. Қазақстандағы көрме мен үшін ерекше маңызды, өйткені халықтар бауырлас. Бір кездері біздің ата-бабаларымыз осы далалардан көшіп, Еуропада жаңа үй тапты. Менің Қазақстанмен ерекше байланысым бар және біз мұнда көрме ұйымдастырғанымызға қуаныштымын», - деп бөлісті Мелиса Озгюр.