
Қазақтың рухын айқындайтын киелі мұраның бірі - дәстүрлі садақ жасау өнері. Ғасырлар бойы батырлардың серігіне, көшпелі өркениеттің әскери мәдениетінің символына айналған бұл өнер бүгінде қайта жаңғырып келеді. Qazaq Creative Hub алаңында өткен «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясындағы Ұлытау облысының «Алтын Орданың мұрасы» креативті жәрмеңкесінде келушілерді ерекше әсерге бөлеген шеберлердің бірі - дәстүрлі қазақ садағын тарихи үлгіде жасап жүрген белгілі қолөнерші, суретші-реставратор Ерғазы Исатаев.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет қайраткері» атағының иегері Ерғазы Исатаев ұлттық мұраны жаңғырту жолында отыз жылдан астам уақытбойы табанды еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, дәстүрлі садақ жасау ісіне 1995 жылдан бастап ден қойған. Бала күнінен ата-баба мұрасын бойына сіңіріп өскен шебер бүгінде көне технологияларды ғылыми тұрғыда зерттеп, қазақтың төл садағы мен жебесін тарихи деректерге сүйене отырып қайта жасап келеді.
Көрмедегі ең құнды жәдігерлердің бірі – таутекенің мүйізінен жасалған шынайы қазақ садағы. Ерғазы Исатаев садақтың әр бөлшегін, жебесінің ұшын, ағашын, желімдеу тәсілін, тарамысын ата-бабаларымыз қолданған технологияларға барынша жақын етіп әзірлейді. Әрбір бұйымда тарихи дәлдік пен түп нұсқалық басты қағида ретінде сақталады.
«Қолөнер - тарихты келер ұрпаққа жеткізудің жолы. Ұлттық мұра ұмытылмай, өз болмысын сақтап қалуы үшін оны жасап қана қоймай, оның тарихын да түсіндіру қажет», - дейді Ерғазы Исатаев.
Оның әрбір еңбегі өткен мен бүгінді жалғап тұрған мәдени көпір іспетті. Тарихи қару-жарақты қайта жаңғырту арқылы шебер халқымыздың әскери өнері мен дәстүрлі қолөнерінің терең тамырын бүгінгі қоғамға танытып келеді.
Ұлытау облысының креативті жәрмеңкесі аясында келушілер Ерғазы Исатаевтың төл туындыларын тамашалап қана қоймай, қазақ садағының жасалу технологиясы, қолданылған табиғи материалдары, тарихи ерекшеліктері және көшпелі өркениеттегі маңызы жөнінде құнды мәліметтер алды.