Асқар Дүйсенбаевтің шәкірттері «Астана Операда» концерт береді

Асқар Дүйсенбаевтің шәкірттері «Астана Операда» концерт береді

31 қаңтарда «Скрипка және оның достары» концерті аясында көрермендер ұстаз бен шәкірт арасындағы үздіксіз байланыс пен терең құрметке куә болады.

Керемет ұстаз, ҚазҰӨУ профессоры Асқар Дүйсенбаевтан білім алған көптеген табысты музыканттар бүгінде әлемнің ең беделді шығармашылық ұжымдарында, сондай-ақ елордалық «Астана Опера» оркестрінің құрамында жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

«Асқар Самратұлы Дүйсенбаев – менің тәлімгерім. «Жақсы ұстаздан жақсы шәкірт шығады» демекші, оның бай тәжірибесі мен дана кеңестері көптеген жас таланттарға жол көрсетті. Сондықтан алдағы концерттің идеясы – біздің ұстазымызға деген құрмет. Ол – композиторлар музыкада жеткізген психологиялық күйлердің ең кішкентай нюанстарын сезетін өте терең музыкант. Асқар Самратұлы – шәкірттерге ғана емес, өзіне де талап қоятын адам. Оқуды бітіргеннен кейін де ол біз үшін өнерге шынайы қызмет етудің үлгісі болып табылатын ұстаз болып қала береді. Сондай-ақ Дана Ғалымқызы туралы да айтқым келеді, ол біздің концертімізде фортепиано партиясын орындайтын керемет музыкант. Оның қолдауының, сезімталдығының және музыкалылығының арқасында еш күмәнсіз және қорқынышсыз өнер көрсету кезінде музыкаға толығымен берілесің», – деп ойымен скрипкашы Ақерке Әли бөлісті.

Алдағы концертте Асқар Дүйсенбаевтың өзі, сондай-ақ халықаралық конкурстардың лауреаттары болып табылатын оның шәкірттері өнер көрсетеді. Олардың арасында – Ақерке Әли, «Астана Опера» оркестрінің әртістері Әсел Жақиянова, Әсем Жақпарова, Шалқар Желдібай, «Астана Балет» оркестрінің әртістері Талшын Кешілбаева, Сания Исабекова, Ардақ Қаймульдинова және басқалар. Сонымен қатар, музыкалық кешке Асқар Дүйсенбаевтың қыздары – Әделя мен Райхан Дүйсенбаевалар қатысады, олар әкесінің музыкалық жолын жалғастырып, оның ізбасарлары болып табылады.

Концертке қатысушылар өз шеберліктерін дуэттерде, квартеттерде және, әрине, жеке нөмірлермен көрсетеді. Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда М. Сағатов, Е. Брусиловский, П. Чайковский, А. Вивальди, Н. Паганини, К. Сен-Санс және М. де Фалья сияқты қазақ және шетел композиторларының танымал туындылары орындалады.

«Асқар Самратұлының шәкірттері үшін скрипка – жай ғана аспап емес. Біздің тәлімгеріміз бізге оған үлкен дірілмен қарауды үйретті, сондықтан ол біздің өміріміздің маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан «Скрипка және оның достары» концертінің атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. Барлығыңызды ұстазға деген құрмет пен алғысқа, сондай-ақ жоғары өнерге деген шексіз сүйіспеншілікке толы бұл оқиғаны бізбен бөлісуге шақырамын. Скрипканың нәзік және сүйкімді үні тыңдаушылардың жүрегін қозғап, ұмытылмас әсер қалдыратынына сенімдімін», – деп сөзін қорытындылады Ақерке Әли.

376
23.01.2025