Жетіген – Ұлы дала үні

Жетіген – Ұлы дала үні

Қазақ халқының кейбір музыкалық аспаптары әуен тудырумен ғана шектелмейді. Олардың үнінен ата-бабалар тарихы, өткеннің мұңлы сырлары, өмірдің жарқын сәттері мен адам жанының терең толғаныстары сезіледі. Сондай көне аспаптардың бірі – Ұлы дала мәдениетімен тамырлас жетіген.

Жетіген – шанағы ұзынша келген, бетіне ішектер тартылған шертпелі аспап. Оның үні ерекше жұмсақ, мөлдір әрі терең. Жетігеннің әуезінен сайын даланың кең тынысын, жанға батқан мұңды, үзілмеген үмітті және адам рухының ішкі қуатын аңғаруға болады. Сондықтан ол музыкалық аспап қана емес, халық үнін жеткізетін рухани мұра ретінде де бағаланады.

Ел арасында кең тараған аңыздардың бірінде жетігеннің шығу тарихы қатал қыста жеті ұлынан бірінен соң бірі айырылған әкенің қасіретімен байланыстырылады. Қария әр перзенті өмірден өткен сайын өзі жасаған аспапқа бір ішектен тағып, баласына арнап күй шығарған екен. Осылайша жеті ішек пен жеті әуен дүниеге келіп, аспап «жетіген» аталған деседі. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен бұл аңыз оның үніне айрықша мағына дарытады. Жетіген сарынынан жақынын жоқтаған жүректің зары, орны толмас қазаның салмағы және тіршіліктен үзілмеген үміт қатар сезіледі.

Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында музыка халық өмірінің ажырамас бөлігі болған. Күй мен ән арқылы елдің бастан кешкен тарихы, қуанышы мен қайғысы, өмірлік тәжірибесі мен терең философиялық ойлары кейінгі буынға жетіп отырды. Музыка ұрпақтар сабақтастығын жалғап, әрбір аспап халқымыздың мол рухани мұрасының бір бөлшегіне айналды.

Бүгінде жетіген Қазақстанның ғана емес, шетел сахналарында да кеңінен орындалып жүр. Оны фольклорлық ансамбльдердің мүшелері, кәсіби өнерпаздар мен жас музыканттар шеберлікпен насихаттауда. Қазіргі орындаушылар аспаптың дәстүрлі үнін академиялық, этникалық және заманауи музыкамен үйлестіріп, оның жаңа мүмкіндіктерін танытып келеді.

Жетігенге айрықша сыр мен әсер дарытатын – оның ішектері. Әр ішек тұтас бір тарихтың бетін ашқандай әсер қалдырса, барлығы қосылып адам тағдыры мен ұлан-ғайыр даланың тынысын баяндайтын көркем әуенге ұласады. Жетігеннің нәзік үнінде әр адамға жақын, сонымен бірге уақыттан биік мәңгілік сарын бар. Ол – ғасырлар қойнауынан бүгінгі ұрпаққа жеткен, өткен мен келешекті жалғайтын сырлы әуез.

Көне аспаптың дәстүрі бүгін де үзілген жоқ. Жетіген музыкалық оқу орындарында оқытылып, оны жасау және орындау өнерін шеберлер мен кәсіби музыканттар жалғастырып келеді. Ал жас өнерпаздар оның қоңыр үнінен тың шығармашылық ізденістерге бастайтын шабыт табуда.

Жетігенді кеңінен танытуға және орындаушылық дәстүрін дамытуға Талғат Сарыбаев, Қайыржан Мақанов, Еділ Құсайынов, Сәуле Мерекеева, Шахбану Қылышбаева, Нұргүл Жақыпбек сынды өнер қайраткерлері елеулі үлес қосты. Солардың еңбегі мен кейінгі буынның ізденісі арқасында көне аспап өзінің төл болмысын жоғалтпай, жаңа тыныспен үн қатып келеді.

Бүгінде жетіген және оны орындау өнері Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізіміне енгізілген.

Жетіген – ағаш шанақ пен ішектерден құралған аспап қана емес. Ол – халықтың ғасырлардан жеткен сырын сөйлететін көне үн. Оның әуезінде өткен мен бүгін, адам мен дала, тарих пен музыка тұтасып жатыр.


237
07.09.2026