От, су, жер мен ауа – сәнге арқау: Астанада әлемнің 40 елінің дизайнерлері бас қосты

От, су, жер мен ауа – сәнге арқау: Астанада әлемнің 40 елінің дизайнерлері бас қосты

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген дизайнерлер от, су, жер мен ауаны сән тілімен сөйлетіп, өз ойларын киім үлгілері арқылы жеткізді. Астанада алғаш рет өткен World Designers Fashion Week Astana 2026 халықаралық сән апталығына әлемнің 40 елінен сән индустриясының өкілдері жиналды.

Бейбітшілік және келісім сарайы осы күндері тың шығармашылық ізденістердің алаңына айналды. Көрсетілімдердің тұжырымдамасына табиғаттың төрт күші арқау болып, олардың әрқайсысы дизайнерлерге өзіндік көркем шешімдер табуға шабыт берді.

Подиумда Франция, Италия, Қытай, Ұлыбритания, Нидерланд, Румыния, Мажарстан, Малайзия, Мексика және басқа да елдердің модельерлері өз топтамаларын таныстырды. Су әлемінен шабыт алып әзірлеген ерекше баскиімдерімен британдық дизайнер Эмили Су көпшілікті таңғалдырды. Әзербайжандық модельер Йегана Садыкова дәстүрлі әйелдер киімін от тақырыбымен ұштастырып, жарқын үлгіде ұсынды.

Сән апталығы подиумдағы көрсетілімдермен ғана шектелген жоқ. Грузиялық сарапшы Натия Церцвадзе қазақстандық дизайнерлер мен қолөнершілерге былғары өңдеуден шеберлік сабағын өткізіп, осы материалмен жұмыс істеудің авторлық әдісін таныстырды.

Шетелдік 12 сән алаңы басшыларының қатысуы шараның маңызын арттыра түсті. Бұл қазақстандық дизайнерлерге кәсіби байланыс орнатуға және өз топтамаларын халықаралық нарықта танытудың жаңа жолдарын табуға мүмкіндік береді.

World Designers Fashion Week апталығын Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Qazaq Creative Industries Fund қоры мен World Association of Designers қауымдастығы ұйымдастырды.

26
26.10.2026